Жергілікті бюджет: 20 өңірдің тек алтауында кіріс өсті

Қазақстан өңірлерінің кірісінде биыл айтарлықтай айырмашылық байқалды. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша 20 өңірдің тек алтауында ғана кіріс былтырғы деңгейден өскен. Ал кей облыстарда төмендеу 15–30%-ға дейін жетті.
Жалпы 20 өңірдің кірісі қаңтар–маусымда шамамен 7,8 трлн теңгені құрады. Қаржыминнің мәліметінше 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 8,2 трлн теңгеге жуық болған. Осылайша, бір жыл ішінде жиынтық кіріс шамамен 5% төмендеген.
Ең көп кіріс Алматы қаласына тиесілі. Мегаполис алты айда 1,1 трлн теңгеге жуық кіріс жинаған. Дегенмен бұл былтырғы 1,15 трлн теңгемен салыстырғанда шамамен 5% аз.
АҚ
АҚТ
АЛО
ЖА
БҚО
ҚОС
ПАВ
ТҮР
ЖЕТ
АБ
Келесі орында Астана тұр. Елорда кірісі 795,4 млрд теңгеден 778,4 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал Түркістан облысында көрсеткіш бір жылда 787,1 млрд теңгеден 752,7 млрд теңгеге азайды.
Өсім жағынан Ұлытау облысы көш бастады. Өңірдің кірісі 96,9 млрд теңгеден 105,7 млрд теңгеге дейін өсіп, бір жылда шамамен 9% артқан.
Қостанай облысында да жақсы динамика байқалады. Кіріс 342,2 млрд теңгеден 372,1 млрд теңгеге дейін өсіп, өсім 8,7%-ды құрады. Жетісу облысында көрсеткіш 6,7%, Абай облысында 4,1%, Солтүстік Қазақстан облысында 3,8%, Шығыс Қазақстан облысында 2,6% өскен.
Ал ең үлкен төмендеу Маңғыстау облысында тіркелді. Былтыр алғашқы жартыжылдықта өңір кірісі 324,8 млрд теңге болса, биыл 226,1 млрд теңгеге дейін азайған. Бұл шамамен 30,4% төмендеу деген сөз.
Батыс Қазақстан облысында кіріс 15,6%, Ақтөбе облысында 14,9%, Атырау облысында 12,2% төмендеді. Шымкентте де көрсеткіш 388,4 млрд теңгеден 348,7 млрд теңгеге дейін азайып, бір жылдық төмендеу 10,2%-ды құрады.
Қарағанды облысында кіріс 9,1%, Алматы облысында 8,3%, Павлодар облысында 9,9% қысқарған.
Осылайша, 2026 жылдың бірінші жартысында өңірлердің басым бөлігінде кіріс былтырғы деңгейге жете алмады. 20 өңірдің алтауында ғана өсім тіркелсе, қалған 14 өңірде төмендеу байқалған.