Қазақстанда Абай күнін қалай атап өтеді

10 тамызда елімізде Абай күні аталып өтеді. Осы датаға орай республика бойынша 350-ден астам мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігі.
Астана мен Алматыдағы басты шаралар
Астанада 8-10 тамыз аралығында Қаламгерлер аллеясында поэзия кеші, ал қала саябақтарында Абай әндерінің концерті ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, елордада «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» республикалық форумы өтеді.
Алматыда Республикалық Ұлттық кітапханада зияткерлік сайыс өтіп, 10 тамызда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» деректі фильмінің тұсаукесері жоспарланған.
Өңірлердегі мерекелік бағдарлама
- Семейде 10 тамызда Абайдың мемлекеттік музей-қорығында өнер көрмелері, әдеби квест және Абай әндерінің фестивалі өтеді.
- Абай облысында 8-9 тамызда «Abai Joly – 100 miles» республикалық ультрамарафоны өткізілсе, 10 тамызда «Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы ұйымдастырылады.
- Шымкентте «Хакім Абай» музейінде ашық есік күні, танымдық бағдарламалар мен көрмелер өтеді.
Шетелдегі және ресми шаралар
Абай күні Бейжіңде де аталып өтеді. 10 тамызда Қазақстанның мәдени орталығы «Цзиньтай» музейімен бірлесіп «Абай – Ұлы тұлға» дөңгелек үстелін өткізеді.
10 тамыз күні Астана, Алматы, Шымкент және барлық облыс орталықтарында Абай Құнанбайұлының ескерткіштеріне дәстүрлі түрде гүл қою рәсімі өтеді. Рәсімге зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен тұрғындар қатысады.
Оқи отырыңыз: Жүнісова, Дұғалова және KeshYou «Абай әлемі» концерт-спектаклінде басты рөлде ойнайды