Lifestyle

Алтынай Жорабаева қыз ұзату тойындағы ерекше торт тарихын айтып берді (видео)

Алтынай Жорабаева  қызын ұзатқанда тартылған торт
Сәні мен дәмі келіскен ерекше әдемі торт / фото: Instagram/Indira Zhakupova, видеокадр ЖИ-мен өңделген

Танымал әнші Алтынай Жорабаева қыз ұзату тойында қонақтарға тартылған ерекше әдемі торттың шығу тарихын айтып берді. Өйткені қазақтың қызыл сандығы іспеттес жасалған дәм көпшіліктің көңілінен шыққан.

Шілденің аяғында эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева қызы Айнараны ұзатты. Алматыда дүркіреп өткен тойдың аяғында қонақтарға әдемі торт ұсынылды. Дәм қазақы сандық сияқты дайындалса, ал оның үстіне үкілі тақия қойылған. Қызыл сандық пен тақия – қыз жасауын білдіреді.

Жорабаева торт дизайнының идеясы өзі емес екенін, тәтті дәмге қатысты ұсынысты құрбысы Саяш жасағанын айтты. Оған дейін әнші ұзату тойында торт тартуды жоспарламаған.

«Ұзату тойында торт болмайды деп ойлайтынмын. Әдетте оны үйлену тойында тартады. Бірақ құрбым қыз ұзатуда торт ұсыну-ұсынбау әркімнің өз қалауы деп түсіндірді. Идеялары бар екенін айтты», – дейді Жорабаева.

Көпшілік «шедеврге» балаған торт авторы салмағы 35 келіге тартатын тортты дайындау үшін қалыңдың киімі туралы мағлұмат алған.

«Мен қызымның тойға киетін киімін, үкілі тақиясын көрсеттім. Ол идея келді деген. Маған ұзақ уақыт айтпай жүрді. Тойдан бір күн бұрын ғана суретін көрсетті. Таң қалдым. Қатты ұнады», – дейді Алтынай.

Айта кетейік, Жорабаева қыз ұзату тойына арнайы жаздырған «Қызыма тілек» әні хит болды. Ал оның авторы Алтынайдың мәтінді үш рет қабылдамай тастағанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 22 жастағы Айнара Сәбитқызының ұзату тойы 28 шілдеде Алматы қаласында дүркіреп өткен. Жорабаеваның құдалары қалыңмалға 15 млн теңге әкелген. Тойға қалыңдықтың әкесі Сәбит Әбдіхалықов қатысқан жоқ. Оның себебін Алтынай той өткен соң түсіндірді.