«Челси» – JDT: Дастан Сәтбаев матч соңында ғана алаңға шықты

«Челси» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо 17 жастағы Дастан Сәтбаевты Малайзия чемпионы – «Джохор Дарул Такзимге» (JDT) қарсы матчтың алғашқы таймына шығарған жоқ.
Жолдастық кездесу Искандар Путери қаласындағы «Сұлтан Ибрагим» стадионында өтті. Алғашқы тайм 1:1 есебімен тең аяқталды. Есепті алаң иелері ойынның 14 минутында ашты: шабуылшы Ариф Айман мергендігімен танылды. Ал 42 минутта Делап пенальтиді дәл орындап, есепті теңестірді. Дастан Сәтбаев алғашқы 45 минутты орындықта өткізді.
Дарынды жас футболшы матчтың 87 минутында ғана алаңға шықты. Ол бар болғаны 8 минут ойнады. Соған қарамастан гол соғылған шабуылға үлес қосып үлгерді.
Матч 3:3 есебімен тең аяқталды. «Челси» сапында Делап дубль жасады (екі пенальти). Ал JDT қақпасына кірген үшінші допты автоголға жатқызды (Антонио Глаудер).
Айта кетейік, Сәтбаев клубтың Азия және Австралияға турындағы жалғыз ойында ғана матч басында алаңға шықты. Жас футболшы «Сиднейге» қарсы кездесудің жетінші минутында-ақ гол соқты. Алонсо одан кейінгі матчтарда Дастанды екінші таймда ғана алаңға шығарып жүрді. Ал бір күн бұрын қазақ футболшысы «Миланға» қарсы ойынды сырттай – орындықта тамашалауға мәжбүр болды.
17 жастағы Дастан Сәтбаев 18 тамызда кәмелет жасқа толады. Сол күні «Челси» жаңа ойыншыны ресми түрде таныстыруға тиіс.