Мыңдаған адам ашық аспан астында Абай әндерін орындады (видео)

Кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы туралы деректі фильм Алматы қаласында ашық аспан астындағы сахнада көрсетілді. Оны көруге мыңдаған адам жиналып, ойшылдың бірнеше әнін бірге шырқады.
«Алғашқы кітап» деп аталатын деректі фильм «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірілген. Онда Абайдың тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихы баяндалады.
«Деректі фильм қазақтың неше ғасырлық рухани тарихындағы таң қаларлық ұлы оқиға – 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын бейнелеген», – деп түсіндірді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Фильмді көрген адам қазақ тілін, көркемдік, этикалық танымын күрт өзгертіп, бұрын-соңды түрік жұрты жетпеген биікке көтерген Абайдың алғашқы кітабы қалай басылып шыққанынан хабардар болады. Автор осы кітаптың Семейде емес, қияндағы Петерборда басылып шығу себебін анықтаған.
Мерекелік кеш соңында мыңдаған астам адам ашық аспан астында Абай әндерін бірге шырқады. «Көзімнің қарасы» әнін Мақпал Жүнісова орындады.
Оқи отырыңыз: Жүнісова, Дұғалова және KeshYou «Абай әлемі» концерт-спектаклінде басты рөлде ойнайды