2025 жылы «Самрұқ-Қазына» отандық компаниялардан 2,2 трлн теңгенің өнімін сатып алған

Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаратын дербес өнеркәсіп қалыптастыруға бет бұрып жатыр. Үкіметтің хабарлауынша, «Самрұқ-Қазына» арқылы отандық өндірушілерден тауар мен қызмет сатып алу көлемі 2025 жылы екі есе өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті.
Бұл серпін 2026 жылы да жалғасып, бірінші жартыжылдықта 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам келісімшарт бекітілді.
Ал жаңа өндірістерді ашуға кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар аясында 2025 жылы 257,5 млрд теңгенің келісімшарты жасалды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңында іске қосылған «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» жүйесіне 10 мыңнан астам жергілікті кәсіпорын енгізіліп, сатып алу процедураларының ашықтығы қамтамасыз етілді.
Бизнеске арзан қаржы бөлініп жатыр
Бизнестің дамуы тікелей арзан қаржыландыруға байланысты. Өнеркәсіпке несие беру мен субсидия бөлуді «Бәйтерек» холдингіне қарасты институттар жүргізіп отыр:
- «Даму» қоры: 2024 жылдан 2026 жылдың тамызына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға 2,2 трлн теңге көлемінде несиелік қолдау (субсидия, кепілдік, льготті қаржы) берді.
- Қазақстан даму банкі: 2025 жылы автозауыттар, ветроэлектростанциялар сияқты ірі инфрақұрылымдық 77 жобаға 2,3 трлн теңге бөлді.
- Агроөнеркәсіп және экспорт: Ауыл шаруашылығын қаржыландыру 2025 жылы 1,1 трлн теңгеге жетіп, рекордық 27,1 млн тонна астық жинауға ықпал етсе, Экспорттық-кредиттік агенттік бейсырьелік экспорттаушыларға 653,7 млрд теңге бағыттады.
- Өнеркәсіпті дамыту қоры: Кәсіпорындарды модернизациялау және жаңа зауыттар салу үшін 153 өндірушіге 943 млрд теңгеден астам қаржы салды.
Қандай өндіріс орындары ашылған
Бұл ретте басымдық құрастырумен шектелмей, шикізатты терең өңдеп, локализация деңгейін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Мәселен, Түркістан облысында мақтадан дайын текстильге дейін шығаратын толық циклды кешен құрылып жатыр.
Автомобиль өнеркәсібінде KIA Qazaqstan мен Astana Motors Manufacturing зауыттары өндірісті ұлғайтып, Саран, Алматы, Қостанай қалаларында шина, автобөлшектер, мультимедиа шығаратын компоненттік база іске қосылды. Бұл кейбір маркалар бойынша жергілікті өнім үлесін 40%-ға жеткізді. Қазақстан биыл 190 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр.
Машина жасау саласында John Deere, Valley, Stadler, Wabtec сияқты әлемдік брендтердің техникалары мен вагондары отандық алаңдарда жинақтала бастаса, тұрмыстық техника бағытында Samsung және Xiaomi өнімдері ел ішінде өндіріле бастады