40 елден 76 мың қонақ: Астанада Comic Con фестивалі қалай өтті

Жарияланды 10 Тамыз 2026 13:01

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Comic Con Astana баспасөз қызметі

Тамыз айының 6–9 аралығында Астана қаласында Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі Comic Con Astana 2026 болып өтті. Бесінші рет ұйымдастырылған мерейтойлық шара жоба тарихындағы ең ауқымды фестивальге айналып, елорданың қос ірі алаңы – Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында қатар өтті.

Биылғы фестиваль ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді. Фестивальге әлемнің 40-тан астам елінен (АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Бразилия т.б.) қонақтар мен қатысушылар келді. Алғашқы күні-ақ фестивальге 16 мыңнан астам адам жиналды, ал төрт күн ішінде іс-шараға 76 мыңнан астам адам қатысты.

Голливуд жұлдыздары мен хэдлайнерлер

Comic Con Astana тарихында алғаш рет бір уақытта төрт халықаралық хэдлайнер қонақ болды:

  1. Николай Костер-Вальдау («Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер);
  2. Пол Андерсон («Peaky Blinders» сериалындағы Артур Шелби);
  3. Иньяки Годой мен Таз Скайлар (Netflix-тің «One Piece» сериалының жұлдыздары).

Актерлер жанкүйерлермен кездесіп, автограф беріп, фотосессиялар өткізді. Николай Костер-Вальдау Қазақстанның мейірімді халқына сүйсініп, елге келу «эстафетасын» танымал жазушы Джордж Р. Р. Мартинге табыстауға уәде берсе, Пол Андерсон бұл шараны өзі қатысқан Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі деп бағалады.

Отандық креатив пен жасанды интеллект

Фестиваль шетелдік жұлдыздарды шақырып қоймай, жергілікті креативті индустрия өкілдеріне де қолдау білдірді.

Шара барысында киберпанк эстетикасы, жасанды интеллект және Ұлы дала мәдениетін тоғыстырған Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмінің 3 минуттық AI-анимациялық эпизоды алғаш рет көрерменге жол тартты. Жоба авторы алматылық косплеер Аружан Жунусова (Aruvibez). Бұл кейіпкер алғаш рет Comic Con Astana 2025 фестивалінде таныстырылып, кейін толыққанды авторлық әлемге айналған.

Косплей байқауы

Бас сахнада өткен халықаралық байқаудың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады. Қазылар алқасының құрамында Kamui Cosplay, Leon Chiro, Эмилия Grafomanka сияқты әлемге танымал косплеерлер болды.

Жеңімпаздарды толық мына жерден көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз