Бурабайда мас жүргізуші серуендеуге арналған электробуспен турист тасымалдаған

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Бурабайда мас жүргізуші серуендеуге арналған электробуспен турист тасымалдаған / Фото: Shutterstock

Ақмола облысының полицейлері Бурабай кентінде серуендеуге арналған электроавтобустың мас жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Артқы габариттік шамдары қосылмаған электроавтобус патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің назарын аударған. Жүргізушіні тоқтатқан кезде, автобус салонында бес жолаушы болған, олардың барлығы жергілікті демалыс үйлерінің бірінен келе жатқан. Полицейлер жүргізушімен сөйлесу кезінде ішімдіктің иісін сезіп, ер адамды медициналық куәландыруға жіберді.

«Бастапқыда жүргізуші өз деректерін беруден бас тартты, алайда кейіннен қажетті процедуралардан өтуге келісті. Медициналық куәландыру нәтижелеріне сәйкес, жүргізушінің орташа дәрежедегі мас күйде болғаны анықталды. Бұдан бөлек, ер адамның бұған дейін де көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды», – деп хабарлады полиция.

Жүргізуші демалыс аймақтарының бірінде тағылымдамадан өтіп жатқанын және таныстарын курорттық аймақта аралатып серуендетпек болғанын айтты.

Полицейлер жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Сондай-ақ оқыңыз