Бюджетте ҚҚС жоспары орындалмай жатыр: жеті айда 457 млрд теңге жетпеді

Қаржы министрлігі бюджет статистикасын жариялады. Ағымдағы жылдың 1-ші тамыздағы республикалық бюджет есебінде жалпы кіріс түсімі жаман емес көрінеді: есепті кезең жоспары 12,5 трлн теңге болса, нақты 12,4 трлн теңге түскен. Жоспар 99,0%ға орындалған. Яғни жалпы кіріс жоспарына шамамен 124,3 млрд теңге жетпей тұр.
ҚҚС бюджет кірісіндегі негізгі әлсіз тұс
Ең үлкен проблема қосылған құн салығында (ҚҚС) байқалады. Жоспарланған 4,7 трлн теңгенің орнына 4,3 трлн теңге түскен. Үкімет жоспары 90,3% ғана орындалып, межелы сомаға 456,9 млрд теңге жетпеген.
ҚҚС ішіндегі негізгі үш үлкен бағыт та жоспардан төмен:
- Қазақстан ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтерден алынатын ҚҚС – 92,6%, жоспардан шамамен 143,3 млрд теңге төмен;
- ЕАЭО-дан тыс импортқа салынатын ҚҚС – 88,7%, тапшылық 172,1 млрд теңге;
- ЕАЭО елдерінен импортқа салынатын ҚҚС – 84,9%, жоспардан 161,6 млрд теңге төмен.
Яғни мәселе тек ішкі тұтынуда емес, импорттан түсетін ҚҚС та жоспарға жетпей отыр. Қызығы, шетелдік компаниялардың электронды саудасы мен онлайн-қызметтерінен түсетін ҚҚС керісінше жоспардан асыра орындалған – 172,5%. Бірақ оның көлемі жалпы ҚҚС ауқымында шағын.
КТС жоспары орындалуға жақын
Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жағдай ҚҚС-қа қарағанда әлдеқайда жақсы. 1 тамызға 2,8 трлн теңге түсуі тиіс болса, нақты түсім 2,7 трлн теңгені құраған.
Салық жоспарының рындалуы – 96,8%. Жоспарға жетпеген сома шамамен 89,6 млрд теңге.
Жылдық КТС жоспары 5,184 трлн теңге болғандықтан, қазір оның 52,8%-ы жиналған. 1 тамызға дейін жылдың шамамен 58%-ы өткенін ескерсек, жылдық жоспарға қатысты қарқын сәл төмен.
Дегенмен мұнда негізгі көрсеткіш – айларға бөлінген жоспардың орындалуы, ал ол 96,8%, сондықтан КТС бойынша жағдайды әзірге күрделі деуге келмейді.
Ұлттық қор бюджетке жоспар бойынша ақша аударып отыр
Ұлттық қордан 1 тамызға дейін 2,3 трлн теңге трансферт жоспарланған және бюджетке дәл сонша ақша түскен. Түгелімен орындалды.
Бірақ мұнда басқа маңызды көрсеткіш бар: бүкіл 2026 жылға Ұлттық қор трансферті 2,8 трлн теңге болып белгіленген. Соның 83,8%-ы жеті айдың өзінде бюджетке аударылып қойған.
Демек жыл соңына дейін жоспар бойынша Ұлттық қордан небәрі 450 млрд теңге алынбақ. Басқаша айтқанда, салық түсімдері жоспардан төмен болғанымен, Ұлттық қор трансферті қазір бюджет кірісінің тұрақтылығын ұстап тұрған маңызды көздердің бірі болып отыр.
Ең қызығы, ҚҚС пен КТС бойынша жоспарға жиынтық түрде 546,5 млрд теңге жетпеген. Соған қарамастан бүкіл салық түсімдердің жалпы жоспары небәрі 171,5 млрд теңгеге орындалмай отыр. Демек басқа салықтар осы екі ірі салықтағы тапшылықтың шамамен 375 млрд теңгесін өтеп берген.
Сондықтан бюджет кірісіндегі басты тәуекелді КТС емес, ҚҚС деп көрсетуге болады. ҚҚС жоспарынның орындалуы 90%-ға әрең жетіп отыр, ал оның жылдық жоспарының әзірге тек 42,6%-ы жиналған. Ұлттық қор трансферті болса, керісінше, жылдық көлемінің басым бөлігін әлдеқашан бюджетке беріп қойған.