
Орталық Азиядағы ең ірі заманауи поп-мәдениет фестивалі Comic Con Astana 2026 аясында халықаралық косплей байқауының қорытындысы шықты. Жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құраған бұл дүбірлі сайыста әлемнің 20-дан астам елінен келген қатысушылар бақ сынады. Олар бейнеойындар, фильмдер және танымал әлемдердің кейіпкерлерін сомдап, бас жүлде мен арнайы номинациялар үшін өзара бақ таластырды.
Шешуші кезеңде 64 финалист өнер көрсетіп, қазылар алқасы 20 номинация бойынша үздіктерді таңдап шығарды.
Бас жүлде иегері
4 500 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені Baldur’s Gate 3 ойынындағы «Жалмауыз құшағы» (Reaper’s Embrace) сауытын киген Лаэзель бейнесімен ресейлік Frau_Haku есімді косплеер жеңіп алды.



1-орын (2 300 000 теңге): Ресейлік косплеер Horn еншіледі. Ол «Ведьмак 3: Дикая охота» ойынындағы эльф Эредин Бреакк Глас бейнесін жоғары деңгейде алып шықты.
2-орын (1 600 000 теңге): Жүлде Қазақстанда қалды. Оны Monster Hunter бейнеойынындағы Аңшы (Охотница) бейнесін сомдаған астаналық Gol.D.Moon иеленді.
3-орын (1 200 000 теңге): Warhammer 40,000 әлемінің элиталық ғарыш десантшылары – Адептус Астартес образын ұсынған Астананың «Мужицкий дождь» командасына бұйырды.
Арнайы номинациялар мен көрермендер көзайымы
Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы өзге де ерекше ұжымдар мен жеке қатысушыларды марапаттады.
«Comic Con Astana Суперқаһарманы» (1 000 000 теңге): Ұйымдастырушылардың таңдауы бойынша Lies of P ойынындағы «Қара қоян бауырластығы» бандысын сомдаған Астананың «Те самые» тобы жеңімпаз атанды.
«Супер отбасы» (800 000 теңге): Яга кемпір мен Василиса бейнесінде өнер көрсеткен Алматыдан келген отбасыға бұйырды.
«Avengers Assemble!» (800 000 теңге): Командалық жүлдені League of Legends әлеміндегі Battle Queens образымен Сербиядан келген BabySitters тобы қанжығасына байлады.
«Comic Con Astana Крашы» (600 000 теңге): Көрермендер дауыс беруінің қорытындысы бойынша «Аштық ойындары» туындысындағы Сойка-пересмешница Китнисс Эвердин образын сомдаған Теміртау қаласының косплеері Staayshia иеленді.
Бұдан бөлек, жаңалығы мен шеберлігі үшін тағы 12 номинация бойынша косплеерлерге 600 000 теңгеден сыйақы берілді. Сахнада Marvel Rivals, League of Legends, World of Warcraft, Warhammer 40 000, Monster Hunter, The Legend of Zelda, K-pop Demon Hunters, Silent Hill, The Witcher және т.б. әлемдік франшизалардың кейіпкерлері бой көрсетті.
Халықаралық косплей байқауы дәстүрлі түрде Comic Con Astana фестивалінің басты оқиғасына айналып, күрделі қолөнерден бастап жоғары технологиялық костюмдер мен авторлық қойылымдарға дейін түрлі бағыттағы шеберлердің басын қосты.
Еске сала кетейік, Comic Con Astana 2026 елордада 6–9 тамыз аралығында өтті. Фестивальдің алғашқы күні шыққан ең ерекше костюмдерін сілтеме арқылы көре аласыз.