
Қазақстанда Абай есімін иеленген 19 мыңға жуық адам бар. Олардың арасында 94 жастағы қарт Абай да бар. Ал биыл 91 сәбиге осы есім берілген. Ұлттық статистика бюросы Абай күніне орай ұлы ақынның есіміне қатысты қызықты деректермен бөлісті.
Қазақстанда бүгінде 18 961 адам Абай есімін иеленген. Бұл есім ең көп таралған өңірлер – Астана қаласы (2 186 адам), Түркістан облысы (2 008 адам) және Алматы қаласы (1 740 адам).
Ең үлкен Абай 1932 жылы туған
Қазақстандағы Абай есімді ең жасы үлкен адам 1932 жылы дүниеге келген.
Ал бұл есімді иеленгендердің ең көп бөлігін 30–34 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл жастағы Абайлардың саны 3 267 адамға жетеді.
Биыл 91 сәбиге Абай есімі берілген
Абай есімі қазір де сұраныста. 2026 жылдың алғашқы алты айында 91 нәрестеге Абай есімі қойылған.
Есім дәстүрлі түрде ер адамдарға тән болғанымен, Қазақстанда Абай есімді 9 әйел де тіркелген.
Ибраһим есімділердің саны 37 мыңнан асады
Ақынның шын аты Ибраһим есімін иеленген тұрғындар да көп. Елде Ибраһим, Ибрагим және Ибрахим нұсқаларын қоса есептегенде, есімді 37 844 адам алып жүр.
Абайдың есімі ел картасында да бар
Ұлы ақынның есімі еліміздің географиялық атауларында кеңінен көрініс тапқан. Қазақстанда оның құрметіне бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл аталған.
Еске сала кетейік Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады.