Елена Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы атануға бір қадам жақындай түсті

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 2-орын) Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан беделді WTA 1000 турнирінде қатарынан үшінші жеңісіне жетіп, ширек финалға жолдама алды. Сонымен қатар, басты қарсыласының сүрінуінен кейін отандасымыз үшін әлемнің ең үздік теннисшісі атануға тарихи мүмкіндік туды.
Турнирдің 1/8 финалында Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен (55-орын) кездесті. Тартысты әрі драмаға толы өткен матч үш сетке созылып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен Еленаның пайдасына аяқталды. Атап өтерлігі, шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші 0:3 есебімен ұтылып жатып, камбэк жасап, жеңісті жұлып алды.
Сенсация: Соболенко 1/8 финалда сүрінді
Рыбакинаның бұл жеңісімен қатар, Торонто корттарында басты сенсация орын алды. Қазіргі әлемнің 1-ші ракеткасы болып тұрған Арина Соболенко 1/8 финалда Екатерина Александровадан жеңіліп, турнирден тыс қалды.
Бұл нәтиже Елена Рыбакинаға тарихи есікті айқара ашып берді: Егер Елена Торонтодағы Canadian Open-2026 турнирінде чемпион атанса, ресми түрде WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Биылғы Canadian Open турнирінің жалпы жүлде қоры 7 433 076 долларды құрайды. Жекелей сында топ жарған теннисші 1 085 220 доллар сыйақы алып қана қоймай, қоржынына 1000 рейтинголық ұпай қосады.
Рыбакина дәл осы 1000 ұпай еншілесе, Соболенкодан озып, өз мансабында тұңғыш рет әлемнің №1 теннисшісі атанады.
11 тамыз күні қазақстандық теннисші ширек финалда енді жапониялық Наоми Осакамен (WTA рейтингінде 11-орын)кездеседі.