Грант ұтып алғандар енді не істеуі керек

Ұлттық тестілеу орталығы мемлекеттік грант иегерлеріне маңызды құлақтандыру жариялады.
Грант иегерлері алдымен грант куәлігін алуы керек. Оны grant.testcenter.kz сайтынан алуға болады. Сайтқа кірген кезде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен тест тапсырушының жеке нөмірін (ТЖК) енгізу қажет. Сол арқылы сіз куәлікті жүктеп ала аласыз.
Тест тапсырғандардың ТЖК нөмірі грант байқауына қатысуға ұсынылған ҰБТ сертификатында жазулы тұрады.
Ары қарай талапкерлер 25 тамызға (қоса алғанда) дейін грант немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін ЖОО-ларға құжаттар тапсыру керек.
- Қабылдау комиссияларына төмендегідей құжаттарды ұсыну қажет:
- жеке куәлік,
- 3х4 көлеміндегі фото,
- орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом,
- № 075/у нысанындағы медициналық анықтама,
- ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі,
- білім грантын тағайындау туралы электронды куәлік (болған жағдайда),
- жеңілдетілген санат бойынша растайтын құжаттар (болған жағдайда).
Грант иегерлерінің тізімі биыл 7 тамызда жарияланған. Бакалавриатқа жалпы 75 371 мемлекеттік грант бөлінген. Мемгрантқа түсе алмағандарда әкімдіктер мен Қазақстан халқына қорының гранттарына түсуіне әлі де мүмкіндік бар.