Отбасы банктің қызметкерлері баспана кезегіндегі орынды сатып, жалған құжат жасаған

«Отбасы банк» 2025 жылғы есебінде қызметкерлері арасында анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлады.
Банк мәліметінше, кейбір қызметкерлер клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін ілгерілету, сондай-ақ баспана кезегіндегі орынды жылжыту үшін заңсыз сыйақы алған.
Сонымен қатар филиалдардың біріндегі қызметкер клиенттердің несие қабілеттілігін растау мақсатында табысы туралы жалған құжаттар жасап, оларды несие өтінімдеріне тіркеген.
Аталған қызметкерлердің барлығымен жұмыс берушінің бастамасы бойынша сенім жоғалуына байланысты еңбек шарттары бұзылды. Анықталған фактілер бойынша банк құқық қорғау органдарына арыз жолдаған. Қазіргі уақытта бірнеше қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Банк сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Қызметкерлер үшін арнайы саясат пен ережелер енгізіліп, тұрақты түрде оқыту және білімін тексеру ұйымдастырылады.
2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқудан банктің орталық аппараты мен филиалдарының 1183 кеңесшісі және 1506 басқа қызметкері өткен.
Сондай-ақ банк қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықтың белгілі фактілері туралы басшылыққа, қауіпсіздік қызметіне немесе сенім телефоны арқылы хабарлау міндетін еске салды. Мұндай ақпаратты жасырғаны үшін жеке жауапкершілік қарастырылған.
2025 жылы банк Бірінші баспанамен қамтамасыз ету орталығының жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және ішкі тәуекелдерге талдау жүргізді. Тексеру бірыңғай республикалық электронды кезекте тұрғандар базасын және «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасын қалыптастыру мен сүйемелдеу процестерін қамтыды.
Талдау қорытындысы бойынша банк сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын себептер мен факторларды жоюға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Есеп пен жоспар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданып, банктің интернет-ресурсында жарияланды.
Айта кететін жайт, бұдан былай Отбасы банк арқылы 60 жыл бұрын салынған панель үйлерден пәтер алуға болады.