Қытайда миллионнан астам адам көшірілді

Қытай билігі елдің шығыс бөлігінде, соның ішінде Шанхай қаласында миллионнан астам адамды эвакуациялады.
BBC ақпаратына қарағанда, бұған «Дельфин» атты тайфунның жақындауы түрткі болған.
Метеорологиялық қызметтердің мәліметінше, тайфун Чжэцзян провинциясындағы Юйхуань қаласына алғаш соққан кезде жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жеткен. Шамамен бір сағаттан кейін циклон Вэньчжоу қаласына қайта соққан.
Тайфун аймақтағы көлік қатынасын толығымен дерлік тоқтатты. Тек Шанхайдың өзінде 1400 әуе рейсі тоқтатылды.
Бұған дейін Қытай билігі «Дельфин» дауылына байланысты ең жоғары қауіп деңгейін – қызыл деңгей жариялаған болатын. Алайда дүйсенбі күні таңертең қауіп деңгейі тропикалық дауыл деңгейіне дейін төмендетілді.
Дауыл Қытайдың ішкі аймақтарына қарай жылжып барады. Билік сәрсенбіге дейін нөсер жаңбыр, қатты су тасқыны және көшкін қаупі сақталатынын ескертті.
Тайфун кесірінен Филиппинде 15 адам қаза болды. Қытай, Тайвань және Жапония дайындалып жатқаны хабарланған.