Шетелде емделгіңіз келе ме: Министрлік сенімді клиникалардың тізімін жасады

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік клиникаларда емделуді жоспарлап жүрген азаматтарға емхана таңдауда аса мұқият болуды ескертті. Ведомство күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және медициналық мекемені алдын ала тексеруге кеңес береді.
Клиника таңдауда не нәрсеге мән беру керек?
Министрлік мамандары емдеудің заманауи әдістерін қолданатын, білікті дәрігерлері бар және халықаралық сапа стандартына сай ұйымдарға басымдық беруді ұсынады.
Шетелдік клиниканы таңдағанда мына 5 негізгі критерийді ескерген жөн:
- Халықаралық аккредитация: Емхананың JCI, ISO немесе басқа да танымал сапа сертификаттарының болуы;
- Дәрігерлер тәжірибесі: Мамандардың біліктілігі мен қажетті операция немесе процедураны жасаудағы тәжірибесі;
- Дәлелді медицина: Диагностика мен емдеуде тиімділігі ғылыми дәлелденген әдістердің қолданылуы;
- Бағаның ашықтығы: Емдеу құны, кезеңдері мен ықтимал нәтижелері туралы ақпараттың анық әрі ашық көрсетілуі;
- Ресми мәртебесі: Медициналық ұйым қызметінің ресми түрде расталуы.
Неден сақтанған абзал?
Мамандар «100% айығуға кепілдік беретін», тексерілмеген емдеу тәсілдерін ұсынатын немесе толық медициналық сараптамасыз бірден шешім қабылдауды талап ететін жарнамаларға сенбеуге шақырады.
Мемлекет есебінен шетелге емделуге жібергенде Денсаулық сақтау министрлігі арнайы тексерістен өткен, сенімді клиникалар тізімін пайдаланады. Азаматтар өз бетінше шетелге бармас бұрын осы ресми тізіммен таныса алады.
Клиникалар тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.