Қазақстанда Kinopark пен Chaplin-ге бәсекелестікті күшейту ұсынылды

Қазақстанның кей өңірлерінде кинотеатр нарығында бәсекелестік өте төмен. Бірқатар елді мекенде кинопрокат қызметін небәрі бір немесе екі компания көрсетеді. Ал жалпы нарықта жетекші орындарды Kinopark-Kinoplexx Theatres және Chaplin Cinemas желілері иеленіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) жүргізген талдауында айтылған.
Кинопрокат нарығы 76,2 млрд теңгеге жетті
Агенттік 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдегі кинопрокат нарығын зерттеген. Талдауға 60-тан астам нарық қатысушысының қызметі қамтылды.
Осы кезеңде Қазақстандағы кинопрокат қызметтері нарығының көлемі 76,2 млрд теңгені құраған. Алайда нарықтың қаржылық көлеміне қарамастан, оның құрылымында бәсекелестікке қатысты мәселелер бар.
Талдау нәтижесінде нарықтың жоғары деңгейде шоғырланғаны анықталған. Ең ірі ойыншы – Kinopark-Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі. Одан кейін Chaplin Cinemas орналасқан.
Бұдан бөлек, кейбір өңірлерде кино көрсету қызметін бір немесе екі ғана компания ұсынады. Агенттік мұны нарықтағы бәсекелестіктің шектеулі екенін көрсететін факторлардың бірі ретінде атап отыр.
Кинотеатрлар мен дистрибьюторларға ортақ ереже жоқ
Агенттік анықтаған негізгі мәселелердің бірі – кинотеатрлар мен фильм дистрибьюторлары арасындағы қарым-қатынасты реттейтін бірыңғай қағидалардың болмауы.
Фильмді көрсету құқығын алу шарттары кинотеатрлардың қандай фильмдерді репертуарына енгізе алатынына тікелей әсер етеді. Бұл өз кезегінде көрермендердің жаңа фильмдер мен премьераларға қол жеткізу мүмкіндігіне ықпал етеді.
«Негізгі проблемалардың бірі – кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларының болмауы. Фильмдерді көрсету құқықтарын ұсыну шарттары кинотеатрлардың репертуарын қалыптастыру мүмкіндіктеріне және көрермендердің фильм премьераларына қол жеткізуіне тікелей әсер етеді», — деп хабарлады агенттік.
Бірыңғай ереже мен үлгілік шарт ұсынылды
Нарықтағы жағдайды жақсарту үшін БҚДА бірнеше шара ұсынды. Атап айтқанда, кинопрокат қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаларын әзірлеу, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасында қолданылатын үлгілік шартты бекіту және нарықты бақылау тетіктерін жетілдіру ұсынылды.
Агенттік бұл шаралар нарықтағы барлық қатысушылардың фильм контентіне тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп есептейді. Сонымен қатар кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын арттырып, саладағы адал бәсекелестікті дамытуға жағдай жасалады деп күтіледі.
Айта кетейік, қазір елімізде 118 кинотеатр мен 512 кинозал жұмыс істейді. Бір жыл ішінде кинотеатрларға келушілер саны 27 миллион адамнан асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы кинотеатрларға 23,2 миллион рет барған. Яғни бір жылда келушілер саны шамамен 16%-ға өскен.