Алматыда «Сергек» камералары жол ережесін бұзған самокатшыларды анықтайды

Электросамокат жүргізушілері де «Сергек» бақылауына алынуы мүмкін. Жүйе олардың жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін анықтауға көмектеседі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.
Оның сөзінше, заңнамаға енгізілген жаңа талаптардан кейін электросамокат толыққанды көлік құралы ретінде танылды. Осыған байланысты самокат жүргізушілері мен кикшеринг компанияларына бірқатар міндет жүктелді.
«Сергек» кикшеринг деректерімен біріктіріледі
Қазір полиция кикшеринг компанияларының деректерін полиция базаларымен және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын автоматтандырылған жүйелермен біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, осы жүйелердің қатарында «Сергек» те бар. Деректерді біріктіру аяқталғаннан кейін камералар электросамокат жүргізушілері жасаған құқық бұзушылықтарды анықтай алады.
«Қазір кикшеринг компанияларының деректерін полицияның мәліметтер базасымен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Сергек» электросамокат жүргізушілері жасаған құқық бұзушылықтарды анықтайды», – деді ол.
18 мыңнан астам адам жауапқа тартылған
Әзірге электросамокат жүргізушілерінің жол ережесін сақтауын негізінен полиция қызметкерлері бақылайды. Бұл жұмысқа патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, мобильді электрпатрульдер және самокат патрульдері жұмылдырылған.
Жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 18 мыңнан астам электросамокат пайдаланушысы жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Жаңа талапқа сәйкес, электрсамокатпен жолдың жүру бөлігінде тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана қозғала алады.