«Әрекетін басқара алған»: сарапшы Шерхан Аймаханның психикалық жағдайы туралы айтты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Шерхан Аймахан соты өтіп жатқан сот залы
Шерхан Аймахан соты өтіп жатқан сот залы / фото: видеодан скрин

Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбай өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Тергеу кезінде сот-психиатриялық сараптамасын жүргізген мамандар Шерхан Аймаханның психикалық жағдайына қатысты түсініктеме берді.

Бұған дейінгі сот отырысы кезінде сотталушы қылмыс жасаған сәтте «есінен танып, аффект күйінде болғанын» айтқан. Осы аргумент арқылы да қорғануға тырысып жатыр. Бірақ сот процесінде жауап берген мамандар пікірі Шерхан Аймаханның жауабына қарама-қайшы болды.

«Өз әрекетін басқара алған»

Алғашқы болып Алматы қаласы бойынша сот-сараптамалық институтының психиатры Темірлан Сейітбек жауап берді. Тергеушілер оған Шерхан Аймаханнан тергеу алғаннан кейінгі видео материалдарды берген. Соларды қарап сотталушының психикалық жай-күйіне сараптама жүргізген. Оның сөзінше, Шерхан Аймаханның медициналық картасында F42.2 деген диагноз болған. Ол «аралас жабысқақ ойлар мен іс-әрекеттер» яғни обсессивті-компульсивті бұзылыс дегенді білдіреді.

«Бірақ аталған диагноз өзінің іс-әрекетіне есеп беруден айырмайды. Демек ол өзінің іс-әрекетін басқаруға, бағындыруға қабілетті болды», – деді Темірлан Сейітбек.

Прокурордың «сотталушы осындай психикалық бұзылыс белгілері бар бола тұра, әрекетін қылмыс ретінде ұғына алған ба» деген сұрағына «иә, ұғына алған» деп жауап қатты.

«Берілген сұрақтарға толыққанды жауап берді, ешқандай жаман ойлар психикалық бұзылыстар байқалған жоқ. Бейнебақылауды көрдік», – деп түсіндірді психиатр.

Маман сотталушыға қосымша ем керек емес екенін де атап өтті.

«Аффект жағдайында болмаған»

Отырысқа Алматы қаласы бойынша сот-сараптамалық институтының бас сарапшы психологы Күләш Қожамжарова да онлайн қатысып, жауап берді. Оның бағалауынша, қылмыс жасаған кезде Шерхан Аймахан аффект күйінде болмаған. Сотталушының әрекеттері аффект белгілеріне сай емес.

«Сотталушыдан нағыз аффект кезіндегідей санасының анық болмауы, интенсивті ширығып, кенеттен бойы буырқанып кететін белгілер анықталмады… Ол Нұраймен сөйлесіп тұрғаным есімде, басқасы есімде жоқ дейді. Бірнеше секундтан бірнеше минутқа созылатын аффект жағдайда үзік-үзік нәрселер есте қалады. Біздің жағдайымызда ондай болмады. Сондықтан аффект жоқ деген қорытындыға келдік», – дейді психолог Қожамжарова Күләш.

Бұған дейінгі сот отырысында медсарапшы да қатысқан. Ол марқұм Нұрай Серікбайдың 35 рет пышақталғанын, бірақ сонда тірі жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз