Астанада жаттығу кезінде баланың үстіне қақпа құлап реанимацияға түсті

Астанадағы Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) орналасқан Футбол үйінде болған оқиға көпшілікті елең еткізді. Жаттығу кезінде 2017 жылы туған баланың үстіне футбол қақпасы құлап, ауыр жағдайда реанимацияға түсті. Бұл туралы журналист Аслан Қаженов мәлімдеді.
Аслан Қаженовтің айтуынша, қайғылы оқиға 10 тамыз күні шамамен сағат 19:30-да болған. Ол ҚФФ баспасөз қызметінің жағдайға байланысты нақты ақпарат бермей, созбалаңға салғанына қатты назаланды.
«Қазір бәрі баланың ең болмаса тірі қалуын тілеп отыр. Өкінішке қарай, нақты ақпарат ала алмай далмын. Футбол федерациясының баспасөз қызметіне хабарлассам, «әзірге білмейміз, сұрап көрейік, кейін хабарласамыз» деп өзімді футболить етіп жіберді. Мынау не масқара? Оны неге жасырасыздар? Істі жылы жапқыларың келе ме? Қайғылы оқиғаға не себеп? Кім жауапты? Футбол федерациясының ғимаратында осындай болып жатса, басқа алаңдардағы қауіпсіздік қандай?», – деп жазды журналист.
Қазақстан футбол федерациясының ресми жауабы
Оқиғадан кейін Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасап, орын алған жағдайға байланысты баланың отбасына қолдау білдірді.
Федерация ұсынған ресми ақпаратқа сүйенсек, спорттық қақпа жаттығу барысында баланың үстіне құлаған. Жас спортшы бірден медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Оқиға болған футбол алаңын ҚФФ жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға бергені белгілі болды. Қазіргі уақытта Федерация ішкі тексеру жүргізіп, нысан мен спорттық құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын тексеріп жатыр.