Магистратура грантына ие болғандар тізімі қашан шығады

Магистратураға түсуге ниетті 58 мыңға жуық үміткер тест тапсырды. Ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялады.
Гранттар конкурсына құжат қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды ЖЖОББҰ-ға оқуға қабылдау 28 тамызда аяқталады.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы құжат (диплом және қосымша), КТ сертификаты және шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттарды (бар болса) тапсыру қажет.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл. Ең жоғары балл – 139.
Кешенді тест өткізу барысында ереже бұзған 94 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге әрекет жасаған 69 түсуші тестілеуге жіберілмеді. Тест кезінде ереже бұзған 25 адам аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері де жойылды.
Магистратураға ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсу үшін шекті балл – 75 балл, бейіндік бағыт бойынша – 30 балл.
Өтініш беру кезінде түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Бұған дейін министрлік алдағы оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде 75 371 грант – бакалавриатқа, 11 007 грант – магистратураға, 3 079 грант – докторантураға бөлінген.