Жаңалықтар

Магистратураға грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланады

Магистратураға тапсыруға қандай құжаттар керек
Магистратураға грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланады / Фото: Shutterstock

Магистратураға түсу үшін 58 мыңға жуық үміткер тестілеуден өтті, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Гранттар конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды ЖЖОББҰ-ға оқуға қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы құжат (диплом және қосымша), КТ сертификаты және шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болса).

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 баллды, бейіндік бағыт бойынша – 24 баллды құрады. Ең жоғары балл – 139.

КТ өткізу барысында ережелерді бұзғаны үшін 94 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге әрекет жасағаны үшін 69 түсуші тестілеуге жіберілмеді. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 25 адам шығарылды, олардың нәтижелері де жойылды.

Магистратураға ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсу үшін шекті балл – 75 балл, бейіндік бағыт бойынша – 30 балл.

Өтініш беру кезінде түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Бұған дейін министрлік алдағы оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде 75 371 грант – бакалавриатқа, 11 007 грант – магистратураға, 3 079 грант – докторантураға бөлінген.