
Қаржылық дағдарыс жылдары мемлекеттен қаржылай көмек алған банктердің акционерлеріне дивиденд төлеу тәртібі бекітілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай банктердің мемлекет ақшасын қайтаруына берілетін мерзімді нақтылап отыр.
Қарызды қанша уақытта қайтару керек?
Егер мемлекетке қарыз банк акционерлеріне дивиденд төлеу немесе өз акцияларын кері сатып алу (buyback) туралы шешім қабылдаса, онда мемлекет қаржысын қайтару мерзімі қарыз көлеміне қарай есептеледі. Мәселен, банктің қарызы:
- 50 млрд теңгеге дейін болса – 3 ай;
- 50 млрд-тан 100 млрд теңгеге дейін болса – 12 ай;
- 100 млрд теңгеден асса, 18 ай ішінде қайтаруы тиіс.
Қайтарылатын сома банк капиталындағы қарыздың үлесіне пара-пар есептеледі. Бірақ төленетін дивиденд немесе кері сатып алынатын акциялардың 100 пайыз құнынан кем болмауы шарт.
Яғни, банк өз акционерлеріне 100 млрд теңге дивиденд төлегісі келсе, мемлекетке де қарызынан кемінде 100 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтаруы шарт.
Агенттік қаулысына енгізілген бұл өзгерістер ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді.
Қазақстанда қазір 23 банк тіркелген. 2017 жылдары үкімет жүйе құраушы банктерді дағдарыста құтқару үшін қомақты қаржы бөлгені белгілі. Сол кезде мемлекеттер көмек алған бірқатар банк борышын қайтарып болды.
Қазір Alatau City Bank, «Еуразиялық банк» және «Нұрбанктың» балансында мемлекеттік көмек бар. 2026 жылдың қаңтар айында реттеуші орган дивидендтің кемінде 66%-ын қайтаруды ұсынған болатын. Алайда кейінгі өзгерістерден кейін талап 100%-ға дейін көтерілді.
Бұған дейін Үкімет ірі банктерді алдағы уақытта туындауы мүмкін дағдарыстан құтқару талабын бөлек қаулымен бекіткен еді. Соған сәйкес, егер жүйе құраушы ірі банк банкроттық алдында тұрса, мемлекет немесе ұлттық холдинг бюджет қаражатын пайдаланып, оның акцияларын сатып алып, банктің қаржы жағдайын тұрақтандырады.