Қыркүйекте теңге бағамы қандай болмақ: нарық өкілдерінің болжамы

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) тамыз айындағы сауалнамасына қатысқан сарапшылардың ұлттық валюта бағамына қатысты болжамы жақсы. Оған Ұлттық банктің валюта сатуы мен шикізат экспорттайтын компаниялардың доллармен алған түсімін теңгеге айырбастауы себеп.
Сондай-ақ ірі компаниялардың кезекті салық төлеу кезеңі де теңгені нығайтты. Осының нәтижесінде қыркүйек басында доллар 480,2 теңге болады деп күтіледі. Ал бір жылдан кейін бағам 512,2 теңге деңгейінде қалыптасады.
Инфляция баяулай ма
Бағам болжамының жақсаруы инфляция рискінің төмендеуімен тығыз байланысты. Алдағы 12 айда инфляция 10,4%-дан 10,1%-ға дейін баяулайды.
Шілдеде баға өсімінің қарқыны бәсеңдей түсті. Айлық инфляция 0,8%-дан 0,6%-ға төмендеді. Жылдық көрсеткіш 10,3%-дан 10,2%-ға түсті. Теңгенің нығаюы мен тұтыну сұранысының азаюы да бұған оң әсер етті. Осы факторлар ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк негізгі көрсеткішті төмендете ме
Қатаң ақша-несие саясаты сәл жұмсарса да, нақты мөлшерлеме тез төмендемейді. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы Ұлттық банк 4 қыркүйектегі отырысында базалық мөлшерлемені 16,50%-ға дейін түсіреді деп есептейді. Ал 28%-ы оны 16,75% деңгейінде сақтайды деген пікірде. 12%-ы мөлшерлеме өсуі де мүмкін деп санайды.
Шілдедегі шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендеткен.
Қаржы шартының жұмсаруы іскерлік белсенділікті арттырады. Инфрақұрылым жобалары мен мұнай өндірісінің қалыпқа келуі экономикаға дем береді. Өңдеу өнеркәсібінде де жаңа қуаттар іске қосылады. Осыған байланысты алдағы 12 айда ЖӨӨ өсімі 4,6%-дан 4,7%-ға дейін жақсарды.
Шикізат нарығында да өзгерістер бар. Сарапшылар Brent мұнайын бір жылдан кейін барреліне 77,3 доллар деңгейінде көреді. Бұл қазіргі 84 доллардан төмен. Таяу Шығыстағы жағдайдың реттелу ықтималдығы бағаны арзандатады. Дегенмен Ормұз бұғазындағы тасымал тәуекелдері мұнайдың одан әрі арзандауына жол бермейді.