Садраддин бес балалы анаға пәтер сыйлады

Жарияланды 11 Тамыз 2026 09:47

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
instagram.com/sadraddinn, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Әнші Садраддин бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға баспана сыйлады. Өнер иесі отбасыға жаңа пәтердің кілтін ұсынды.

Әнші бұл сәтті Instagram парақшасында бөлісіп, отбасыға тосынсый жасаған видеосын жариялады.

«Бес жасар бала Садраддиннің арманы орындалды» деген жазумен жарияланған бейнежазбада әнші бала күніндегі баспана туралы арманын еске алады.

Садраддиннің айтуынша, ол анасы екеуі пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезде өз үйлері болғанын армандаған.

«Қазір, шүкір, Құдай осындай мүмкіндік беріп тұрған кезде бір отбасын қуантып, олардың арманын орындауды шештік. «Өз баспанамыз болса» деген бес жасар Садраддиннің бала күнгі арманы еді. Қазір пәтер жалдап тұру – көпбалалы жалғызбасты ана үшін үлкен мәселе. Енді сол арманның орындалатын күні келді», – дейді әнші.

Баспана бес баланың анасына берілді. Әйел денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз деп танылған. Осыған дейін отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.

Әнші отбасыны мектепке балаларға киім алып беруге көмектесетінін айтып шақырған. Алайда оларды пәтер күтіп тұрғанын ешкім білмеген.

Жаңа баспананың кілтін алған сәтте отбасы мүшелері эмоциясын жасыра алмай, көздеріне жас алды. Анасы мен балалары әншіге алғысын білдірді.

Садраддин үшін бұл тек қайырымдылық емес, бала күнгі арманының жалғасы.

Айта кететін жайт, әнші Алматыда өткен концертінен кейін өткен баспасөз мәслихатында қашан үйленетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз