
2026 жылдың алғашқы алты айында Түркістан облысынан 57,6 мың адам басқа өңірлерге көшіп кеткен. Оның орнына 38 мыңға жуық адам ғана келген. Осының нәтижесінде облыстың көші-қон есебі 19,6 мың адамға азайып, Қазақстандағы ең үлкен теріс көрсеткішті тіркеді. Ал осы уақытта Астана мен Алматы, керісінше, ел ішіндегі көштің басты бағытына айналған.
Түркістаннан кейін Жамбыл мен Жетісу тұр
Түркістандағы көші-қон шығыны басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Екінші орында тұрған Жамбыл облысында кеткендер келгендерден 9 180 адамға көп. Жетісу облысында теріс сальдо 5 704 адам, Қызылорда облысында 5 287 адам болды.
Абай облысы да жарты жылда көші-қон есебінен 3 936 адамға азайған.
Жалпы 20 өңірдің 15-інде көші-қон сальдосы теріс. Яғни ел ішіндегі халық қозғалысы бірнеше ірі орталыққа қарай шоғырланып отыр.
Халық бас қалаға көшіп жатыр
Көші-қонның басында Астана тұр. Қаңтар-маусым аралығында елордаға басқа өңірлерден 89 853 адам келіп, 57 188 адам кеткен. Таза өсім – 32 665 адам.
Алматы қаласына да халық көптеп көшіп келіп жатыр: қалаға 80 672 адам келіп, 65 182 адам кеткен. Нәтижесінде көші-қон өсімі 15 490 адамға жетті.
Оң көрсеткіш немесе халық саны өсіп жатқан қалалар тізімінде Шымкент бірінші орында тұр. Бұл қалаға 6477 адам қоныс аударған. Алматыға 6312 және Ақмола облысына 2576 адам қосылған.
Осылайша 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы өңіраралық көші-қонның негізгі бағыттары Астана, Алматы және Шымкент қалалары болды. Ал Түркістан облысы, керісінше, басқа өңірлерге тұрғындар ең көп қоныс аударған аймаққа айналды.
Айта кетейік, өңіраралық көші-қонда республика бойынша келгендер мен кеткендердің жалпы саны бірдей – 436 255 адам. Сондықтан бұл көрсеткіш елден кетуді емес, Қазақстан ішіндегі халықтың бір өңірден екіншісіне қоныс аударуын көрсетеді.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда қалаға көшу тренді қалыптасты.