FlyArystan шетелдік топ-менеджеріне бір жылда 260 млн теңге төлеген

FlyArystan әуе компаниясының президенті Ричард Леджер бір жылда 260 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы айлықтан 30 млн теңгеге артық.
Британдық топ-менеджер лоукестердің уақытша президенті болып 2024 жылдың мамырында тағайындалды. Оған дейін әуе компаниясын Адриан Хэмильтон-Маннс басқарып келген. 2024 жылы екі президентке жалпы 230 млн теңге төленген.
Ал 2026 жылдың ақпанында Ричард Леджердің орнына Йохан Эйдхаген келді. Ал Леджер Air Astana тобында серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президент лауазымына ауысты.
Наурызда компания акционерлері Ричард Леджерге 2025 жылғы бонусын ең жоғары – 35,5% деңгейінде белгілеуді ұйғарған.
FlyArystan лоукостері Air Astana тобына кіреді. 2025 жылы Air Astana тобының таза пайдасы 72%-ға қысқарған.