1 гр алтын бағасы қайтадан 65 мың теңгеден асты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Алтын бағасы көтерілді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда алтын қайта қымбаттап жатыр. Ұлттық банктің дерегінше, 12 тамызда 1 грамм алтынның құны 65 468,84 теңгеге жетіп, қайтадан 65 мың теңге межесінен асты. Бір күн бұрын оның бағасы 65 041,61 теңге болған.

Маусымда арзандаған алтын шілдеде қайта қымбаттады. 20 шілдеде бір грамм алтын 60 403,41 теңгеге дейін арзандаған еді. Содан бері оның құны шамамен 8,4%-ға өсті. Ал тек 5 тамыздан бері өсім 6,5%-ды құрады.

Қазақстандағы алтын бағасы
1 грамм алтынның теңгедегі құны · 1 маусым – 12 тамыз 2026
12 ТАМЫЗ
65 468,84 ₸
▲ 0,7%
20 шілдеден бері +8,4%
5 тамыздан бері +6,5%
Кезеңдегі максимум 71 725 ₸
70 мың 65 мың 60 мың 65 000 ₸ 71 725 ₸ 60 403 ₸ 65 469 ₸ Маусым Шілде Тамыз

Әлемдік алтын да қайта қымбаттады

Қазақстандағы өсім әлемдік нарықтағы қозғалыспен қатар жүріп жатыр. 12 тамызда спот алтынның бағасы 1%-ға өсіп, бір трой унциясы 4 409 долларға жетті. Нарыққа Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс пен АҚШ-та жарияланатын инфляция деректері әсер етіп отыр.

Бұған дейін, 10 тамызда алтын тоғыз аптаның ең жоғары деңгейіне көтерілген. Reuters мәліметінше, бұған инвесторлардың алтынға қайта бет бұруы, Қытай орталық банкінің сатып алуды күшейтуі және АҚШ-тағы еңбек нарығына қатысты әлсіз деректер ықпал еткен.

Қазақстандағы алтын бағасына халықаралық нарықтағы алтын құнымен қатар, теңгенің долларға бағамы да әсер етеді. 12 тамызға Ұлттық банктің ресми бағамы 1 доллар үшін 465,74 теңге болды.

Алтын ары қарай қымбаттай ма?

Болжамдар әзірге біркелкі емес. Reuters-тің шілде соңында 29 аналитик пен трейдер арасында жүргізген сауалнамасында алтынның 2026 жылғы орташа бағасына медианалық болжам 4 509 доллар болды. Үш ай бұрын бұл көрсеткіш 4 916 доллар болған, яғни сарапшылар қысқа мерзімді болжамдарын төмендеткен. Дегенмен орталық банктердің алтын сатып алуы бағаға қолдау болып қала береді деген пікір басым.

World Gold Council базалық жағдайда алтынның екінші жартыжылдықта 4 100 доллар шамасында құбылуы мүмкін деп бағалаған. Алайда геосаяси жағдай нашарласа, пайыздық мөлшерлемеге қатысты болжам жұмсарса немесе ірі инвесторлардың сұранысы күшейсе, баға 4 500 доллар деңгейіне қайта көтерілуі, ал күшті импульс кезінде 5 000 долларға жақындауы мүмкін екенін көрсеткен.

J.P. Morgan бұдан да оптимистік сценарий ұстанады: банктің Global Research командасы 2026 жылдың соңғы тоқсанында алтынның орташа бағасы унциясына 6 000 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп күтеді.

Демек, Қазақстандағы алтынның 65 мың теңгеден жоғары көтерілуі әзірге әлемдік нарықтағы жаңа өсім толқынымен сәйкес келіп отыр. Егер халықаралық алтын 4 500 доллар деңгейіне қарай қозғалысын жалғастырса және теңге айтарлықтай нығаймаса, ішкі нарықтағы бір грамм алтын бағасына да жоғары қысым сақталуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз