Қазақстандағы ең бай адамға тиесілі холдингтің таза пайдасы екі есе азайған

Қазақстандағы ең бай адам – Вячеслав Кимге тиесілі United Group Alatau холдингінің таза пайдасы былтыр екі есе азайған.
Компанияның қаржы есебіне сәйкес 2025 жылғы таза пайдасы 2,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы 6,2 млрд теңгемен салыстырғанда 57%-ға төмен. Пайданың бұлай азаюына негізінен сыртқы валюталық факторлар мен компания қызметінің қайта құрылуы себеп болды.
Жыл ішінде таза пайыздық кіріс 89,8%-ға өсіп, 2,3 млрд теңгеден 4,4 млрд теңгеге дейін артқан. Бұған бұрын құнсызданған дебиторлық берешектің толық қайтарылуы серпін берді. Яғни, бұрын Ресейдің есептесу ұйымында бұғатталып, шығынға жазылған 2,8 млрд теңгеге жуық қаражат 2025 жылы кері қайтарылып, кіріске жазылды.
Сонымен қатар валюта бағамының айырмашылығы теріс әсер етті. Егер 2024 жылы компания бағам айырмашылығынан 4,3 млрд теңге пайда тапқан болса, 2025 жылы керісінше 470 млн теңге шығын шекті.
Оған қоса, бағалы қағаздарды қайта бағалаудан түскен таза пайда 1,3 млрд теңгеден 385 млн теңгеге дейін азайды. Еншілес банктің жыл бойы дивиденд төлемеуіне байланысты бұл бап бойынша түсім небәрі 5,7 млн теңгемен шектелді.
Шығынның артуына не себеп
Жыл ішінде компанияның операциялық шығындары 31,9%-ға өсіп, 1,3 млрд теңгені құрады (2024 жылы: 987 млн теңге болған).
Өсім екі негізгі бағытқа байланысты болды. Біріншіден, қызметкерлерге жұмсалған шығындар (еңбекақы, бонустар мен әлеуметтік аударымдар) 49,5%-ға артып, 549 млн теңгеден 820 млн теңгеге жетті. Екіншіден, жалпы әкімшілік шығындар 83,8%-ға өсіп, 482 млн теңге болды. Мұндағы көп қаржы сыртқы кеңесшілер мен заңгерлердің қызметіне төленген.
Ол 99 млн теңгеден 361 млн теңгеге дейін артты. Бұл – меншік иесінің ауысуы мен банктің акцияларын сатып алу бойынша жүргізілген келісімдердің ақысы.
Меншік құрылымы ауысты
2025 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – акционердің толық ауысуы. 2024 жылдың соңында компанияның жалғыз акционері Ғалымжан Есенов болған еді. Тиісті келісімдерді алғаннан кейін, 2025 жылғы 8 шілдеде Вячеслав Ким Есеновтен компанияның 8,3 миллион дана жай акциясын (100% үлесін) толығымен сатып алды.
Компанияның ең басты активі – бұрынғы «First Heartland Jusan Bank» АҚ. Бұл банк ресми түрде «Alatau City Bank» АҚ болып қайта тіркелді. Жыл ішінде холдинг Банктегі өз үлесін 100%-ға жеткізді.
Наурызда миноритаракционерлерден 522 млн теңгеге 413 мың дана акция сатып алынып, үлес 79,9%-ға жетті. Ал шілде айында Холдинг Есеновке тиесілі болған 20,11% үлесті (33 млн дана акция) 40,9 млрд теңгеге сатып алды.
Нәтижесінде «United Group Alatau» АҚ өз еншілесіндегі банк акцияларының толық 100,00% иегері атанды. Инвестициялардың жалпы баланстық құны 82,1 млрд теңгеден 123,5 млрд теңгеге дейін өсті.
2025 жылдың 14 наурызында компания өз өтініші негізінде брокерлік-дилерлік лицензиясының қолданылуын тоқтатып, бағалы қағаздар нарығындағы белсенді саудагерден таза банктік холдинг форматына өтті.
16 маусымда бас компания «United Group Alatau» АҚ болып, ал еншілес банк «Alatau City Bank» АҚ болып ресми ребрендинг жасады.
Содан соң 8-10 шілдеде Ким холдингтің 100% иесі атанды, ал холдинг банктің 100% акциясын өзіне шоғырландырды.