Ресей 4 жолбарысты Қазақстанға тегін берген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Экология министрлігі

Ресей төрт Амур жолбарысын Қазақстанға тегін берген. Жабайы жануарларды елге жеткізу, тасымалдау шығынын жеке қор (Freedom Holding Corp. – ред) көтерген. Ал оларды ұстау, азықтандыру, медициналық бақылау және ветеринариялық қызмет көрсетуді негізінен Халықаралық табиғатты қорғау қоры (WWF) қаржыландырып отыр.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kursiv.Media сауалына берген жауабында жазылған.

«Аталған жолбарыстар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты келісім шеңберінде Қазақстанға жеткізілді. Жолбарыстарды Ресей тарапы Қазақстанға өтеусіз негізде берді. Оларды беру және жеткізу процесі екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының үйлестіруімен жүзеге асырылды», – делінген жауапта.

Жақында Балқаш көлі маңындағы табиғи резерватқа Үміт атты жолбарыс жіберілген еді. Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы бұрын Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыш – Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың оталуы, азық қорының азаюы және браконьерлік салдарынан жыртқыш толықтай жойылып кеткен. 70 жылдан кейін алғаш рет ол тарихи мекеніне қайта жіберілді.

Қазір аталық жолбарыс табиғи ортаға жіберу алдындағы арнайы сынақтардан өтіп жатыр. Мамандар оның денсаулығын, өздігінен аң аулау қабілетін және адамға деген реакциясын бағалап отыр.

Жолбарыстың физикалық жағдайы жақсы, ал мінез-құлқы жабайы табиғат жануарына толық сай келеді. Адамдармен тікелей байланыс мүлдем шектелген, қашықтан тамақтандырады. Оны табиғи ортаға еркіндікке жіберу нақты мерзімі осы сынақтардың нәтижесіне қарай анықталады.

Ал қалған екі жолбарыс күшігін жабайы табиғатқа босату олардың жасы мен дайындық деңгейіне байланысты жоспарланған. Алдын ала болжам бойынша, күшіктер келесі жылдың көктем-жаз мезгілінде табиғи ортаға жіберілмек.

Сондай-ақ оқыңыз