Lifestyle

Тарзан қазақтың қызуқанды жігіттеріне үндеу жасады

instagram.com/tarzan___officia, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ресейлік актер, бодибилдер, стриптизер, әнші Наталья Королёваның күйеуі – Сергей Глушко қазақстандықтарға үндеу жолдады.

Тарзан деген бүркеншік атымен танымал Глушко соңғы күндері өзіне қоқан-лоқы сипатындағы хабарламалар келе бастағанын айтты. Сосын ол жағдайдың себебін іздей бастаған. Қазақстанға қатысты жағымсыз сөздер айтқаны көрсетілген видеоны тапқан. Әртістің айтуынша, бұл – жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған видео.

«Назар аударыңыздар! Жақында YouTube-та арандатушылық жалған видео жарияланды! Бізді көршілерімізбен (Қазақстанмен) араздастырғысы келетін күштер жасанды интеллект арқылы менің аузыма арандатушылық сөздер салған. Қазақтың қызуқанды жігіттеріне айтарым: мен мұндай ештеңе айтқан жоқпын», – деді Тарзан.  

Оның түсіндіруінше, видео Instagram аккаунтынан алынғаны рас. Жазба 2021 жылғы 15 тамызда жарияланған. Онда Тарзан өзінің көркемдік білімі туралы айтып берген.

«Егер біреуге тыңдауға ерінсе, айта кетейін. Сақ әрі мұқият болыңыздар! Маған жаман сөздер жазғандарды кешіремін. Алдағы уақытта ақпаратты мұқият тексеріңіздер. Баршаңызға амандық тілеймін!» – деп жазды Тарзан.

Айта кететін жайт, мұндай ЖИ арқылы жазылған фейк видеолар мен фотолар жиі тарап жатыр. Айталық Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханадағы суреті фейк болып шықты.