16 тамызда әл-Фараби даңғылында көлік қозғалысы уақытша шектеледі

16 тамызда Алматыда әуесқойлар мен ардагерлер арасында велоспорттан Gran Fondo World Championship әлем чемпионаты өтеді. Осыған байланысты жарыс өтетін бағыттарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, сағат 05:30-дан 06:40-қа дейін әл-Фараби даңғылының Достық даңғылынан Талғар тас жолына дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.
Ал сағат 05:30-дан 10:30-ға дейін әл-Фараби даңғылының Достық даңғылынан Науаи көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысына шектеу қойылады.
Қала әкімдігі бұл шаралар жарысқа қатысушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып отырғанын атап өтті. Жүргізушілерге жолдағы уақытша өзгерістерді ескеріп, бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Gran Fondo World Championship жарысына 20-дан астам елден 1000-ға жуық әуесқой спортшы қатысады деп жоспарланған. Велошабандоздар 95, 50 және 37 шақырымдық қашықтықтар бойынша жарысады.
Жарыстың сөресі мен мәресі әл-Фараби даңғылы, 40 мекенжайында, Halyk Bank ғимаратының маңында орналасады.
Оқи отырыңыз: Алматыда көше атаулары тек қазақша жазыла бастады