Алатауды мекендеген қоңыр аю туристердің алдынан шықты (видео)

Жоңғар Алатауын мекендеген қоңыр аю тауға шыққан туристерге кезікті. Олар бұта арасына жасырынған жыртқышты көрді.
Аю адам иісін сезеді
Ерекше көріністі табиғатқа тур ұйымдастырушы Мақсұт Шамшудинов видеоға түсіріп алса, оны «Қазақ орманы» мекемесі жариялады.
«Табиғат кейде күтпеген сәтте ерекше көрініс сыйлайды. Бұл жолы камера объективіне табиғи мекенінде еркін жүрген қоңыр аю ілікті», – деп таратты табиғат жанашырлары.
Қоңыр аю – Қазақстанның таулы және орманды аймақтарын мекендейтін ең ірі жыртқыштардың бірі. Алып денесіне қарамастан, ол өте сақ әрі адам көзіне жиі түсе бермейді, деп түсіндірді экологтар.
«Қазақ орманы» мамандары қоңыр аюдың иіс сезу қабілеті өте жақсы дамығанын атап өтті. Ол қорегін алыстан сезіп, табиғатта бағдар табуда иіс сезу қабілетіне көп сүйенеді.
Аю кездесіп қалса…
Осындай кадрлар жабайы табиғаттың өз ырғағымен, өз заңдылығымен өмір сүріп жатқанын көрсетеді.
Егер табиғатта аюды кездестірсеңіз, оған жақындамаңыз, соңынан ермеңіз және қоректендірмеңіз. Ең дұрысы – қауіпсіз арақашықтықты сақтап, жануарға еркін кетуге мүмкіндік беру, деп ескертті табиғат жанашырлары.
Бұл уақытта экологтар Шарын шатқалында тазқараға сақина салынып, GPS трекер орнатқан.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында тауға көтерілген туристер үш қар барысымен бетпе-бет кездесіп қалған. Ал шілде айында Шарында сүзіскен екі қарақұйрық экологтар назарына іліккен.
Тақырыпқа орай: Қарағайға қасынған қоңыр аюдың бейқам тіршілігі экологтарды сүйсіндірді (видео)