Алматы қаласында қойма өртеніп жатыр

Алматы-2 вокзалы маңындағы ауданда орналасқан қойма өртенді. Қара түтін мегаполис аспанын торлады. Бұл туралы Kursiv.Media құтқарушылар мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыдағы өртті «жоғары деңгей» деп бағалады. Мәліметтерге қарағанда, Жетісу ауданындағы Тобаяқов көшесі бойында орналасқан ғимарат өртеніп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, онда қойма орналасқан.
ТЖМ оқиғаның мән-жайын нақтылап жатыр. Шұғыл штаб құрылды.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен уақытта ғимаратты жалын шарпып үлгерген.
«Үш өрт сөндіру учаскесі құрылды. Өртті сөндіру жұмыстары қою түтінмен, жоғары температурамен және өрт жүктемесінің көп болуымен күрделенді», – дейді құтқарушылар.
Қызыл алаумен күреске өрт сөндіру пойызы және автопоезд жұмылдырылған.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
ТЖМ сағат 11:10-да өрт оқшауланғанын хабарлады. Сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бір күні бұрын СҚО-да кәсіпорын аумағында макулатура өртеніп, от ғимаратқа тараған.