Астана мен Брюссель Каспий құбыры консорциумы мәселесін талқылады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Еуропа одағы
Энергетика мәселесі Еуроодақпен талқыланды / фото: shutterstock

Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропа Одағы Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Kursiv.Media СІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Көшербаев пен Каллас Каспий құбыры консорциумы төңірегіндегі мәселені талқылады. СІМ таратқан ресми мәлімет бойынша, тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ынтымақтастықтың болашақтағы бағыттарын, сонымен бірге екіжақты және көпжақты байланыстардың кестесін талқылады.

«Сұхбаттасушылар энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне және энергия ресурстарын жеткізудің халықаралық инфрақұрылымын, оның ішінде Каспий құбыр консорциумы шеңберіндегі инфрақұрылымды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударды», – делінген СІМ мәлімдемесінде.

Әңгіме барысында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілігін растап, перспективалы ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге өзара бейілділігін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, кейінгі уақытта Украина КҚК инфрақұрылымын, сонымен бірге Қара теңіздегі мұнай танкерлерін жиі атқылады. Мәселе жоғары деңгейде бірнеше мәрте талқыланды.

Осы аптада Украина Қара теңізде қазақ мұнайы тиелген танкерлерді атқылауды доғарғанын мәлімдеді. Өйткені АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Киевке осындай өтініш жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз