Cobalt бағасымен шамалас: Chery автономды басқаруы бар жаңа седанын таныстырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Chery

Қытайда Chery Arrizo 8 Pro седанының жаңартылған нұсқасы сатылымға шықты. Көлік жергілікті нарықта бес түрлі жинақтамада ұсынылады. Бағасы 113,9 мыңнан 145,9 мың юаньға дейін, яғни шамамен 7,9–10,1 млн теңге.

Жаңа седанға 1,6 немесе 2,0 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы орнатылады. Екі литрлік нұсқада артқы бөлікте қосарланған шынайы шығару құбырлары бар. Ал 1,6 литрлік нұсқада олардың орнына сәндік төртбұрышты қаптамалар қойылған, ал нақты шығару жүйесі бампердің астына жасырылған.

Қазақстандағы нұсқадан көлемдірек

Chery Arrizo 8 Pro 2027 Қазақстанда ресми сатылатын Chery Arrizo 8-ден сәл ірі. Жаңа модельдің ұзындығы 4800 мм, ені 1843 мм, биіктігі 1469 мм, ал дөңгелек базасы 2790 мм.

Дизайны жаңартылған

Көліктің алдыңғы жағында MacPherson, артқы бөлігінде көп иінді тәуелсіз аспа қолданылған. Жанармай багының сыйымдылығы –  55 литр, ал шанақтың аэродинамикалық кедергі коэффициенті – 0,275.

Жаңартылған Chery Arrizo 8 Pro алдыңғы модельден радиатор торы мен алдыңғы бамперінің дизайнымен ерекшеленеді.

Фото: Chery Arrizo 8 Pro салоны

Салонда 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 15,6 дюймдік мультимедиялық сенсорлы экран орнатылған. Беріліс қорабының селекторы руль бағанына ауыстырылған. Ал орталық тоннельде тек стақан қоятын орны бар жасырын ұяшық, қуаты 50 Вт сымсыз смартфон қуаттағышы және бірнеше физикалық батырмадан тұратын шағын басқару блогы қалған.

Жаңартылған Chery Arrizo 8 Pro-ның басты ерекшеліктерінің бірі –  Falcon Pilot 500 жүргізушіге көмек көрсету жүйесі. Автопилот көмегімен навигация жасау (NOA) функциясы және автоматты тұраққа қоюдың 300-ден астам нұсқасы бар.

Еске салайық, Chery Қазақстанда жаңартылған Arrizo 8 седанының сатылымын бастады.

Сондай-ақ оқыңыз