Елде заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды темекі тәркіленді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстанда заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды темекі тәркіленді
Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды темекі тәркіленді / фото: shutterstock

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды темекі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды.

«Қазақстанда тұтынудың электронды жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, жекелеген тұлғалар оларды заңсыз әкелу мен сатуды ұйымдастыруды жалғастырып, миллиондаған қылмыстық табыс тауып жатыр. Тыйым салынған өнімді негізінен жастар мен кәмелетке толмағандар тұтынатыны ерекше алаңдатады. Бұл никотинге тәуелділіктің таралуына ықпал етіп, өскелең ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді», – деп атап өтті ҚМА.

Агенттік мәліметінше, елордада вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тексеріліп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалдамалы қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер және Telegram, WhatsApp, Zangi мессенджерлері арқылы жүзеге асырылған.

Құпиялылықты сақтау мақсатында жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылып, сатып алушыларға тұрмыстық техника сатып алдық деп айту ұсынылған. Шоттар арқылы өткен айналым көлемі 3,2 миллиард теңгеден асты.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Астанада 490 мыңнан астам вейп сақталған қоймалар анықталды. Тыйым салынған өнім айналымымен ірі көтерме сауда желісі айналысқан.

Сондай-ақ оқыңыз