
Испания құрамасының мүшесі, олимпиадашы скейтбордшы әрі блогер Дэнни Леон 12 тамызда орын алған күннің толық тұтылуы сәтінде сирек кездесетін әрі әсерлі трюк жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Спортшы Instagram парақшасында жариялаған видеода Айдың Күнді толық жауып, айналасында отты тәж пайда болған сәті таспаланған. Дэнни Леон дәл осы табиғи құбылыс өршіп тұрған сәтте рампада биікке секіріп, қараңғыланған Күн дискісінің аясында қалықтаған силуэтімен ерекше кадрды ұстап үлгерді.
«ECLIPSE MODE!» («Тұтылу режимі!») деген атаумен жарияланған ролик аз уақыт ішінде 50 миллионға жуық қаралым жинады.
Айта кетейік, 12 тамызда кейінгі бірнеше жылдағы ең ірі астрономиялық оқиғалардың бірі болды. Ай жұлдыздың бетін тұмшалап, Күн толықтай тұтылған еді.