Кремация рәсімін енді eGov арқылы алдын ала рәсімдеуге болады

Алматы тұрғындары енді кремацияға қатысты өз ерік білдіруін электронды үкімет жүйесі арқылы алдын ала рәсімдей алады.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында кремацияға қызығушылықтың біртіндеп артып келе жатқанын атап өтті. Мамандар мұның негізгі себептері ретінде урбандалу, ірі қалалардағы зираттар үшін жер ресурстарының шектеулі болуы және халықтың экологиялық сауаттылығының артуын атады.
«Бұл бағыттың дамуына электронды үкімет жүйесі арқылы кремацияға қатысты ерік білдіру функциясын іске асыру жөніндегі пилоттық жобаның енгізілуі де қосымша фактор болды. Аталған механизм рәсімдерді жеңілдетуге, қызметтің қолжетімділігін арттыруға және азаматтың өз еркін алдын ала білдіру мәселесіне қоғамның ашық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, кремация тек марқұмның өзі құжат жүзінде рәсімдеген ерік білдіруі болған жағдайда ғана жүргізіледі. Ал мұндай құжат болмаған кезде туыстарының кремация өткізуді сұрап жасаған өтініші қызмет көрсетуге негіз болмайды.
«Айына орта есеппен 2-3 кремация рәсімі жүргізіледі. Бұл ретте кремациядан кейін марқұмдардың туыстарының басым бөлігі күлі салынған урнаны алып, оны кейін жерлеуді немесе туыстарының қабіріне қайта жерлеуді таңдаған», – деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ басқармаға кремация қызметін алу үшін шетел азаматтарының туыстары да жүгінген. Крематорийге Қытай азаматтарына қатысты үш, Ресей азаматтарына қатысты екі, сондай-ақ Ұлыбритания мен Өзбекстан азаматтарына қатысты бір-бір өтініш түскен.
Алайда бұл жағдайлардың ешқайсысында шетел азаматтарының туыстары марқұмның кремацияға қатысты ресми ерік білдіруін ұсынбаған. Осыған байланысты оларға кремация өткізуден бас тартылған.
Қалалық билік цифрлық сервистердің дамуы және азаматтарды ақпараттандыру деңгейінің артуына қарай ритуалдық қызметтер құрылымындағы кремация үлесі біртіндеп көбейеді деп күтеді.
Қазақстандағы алғашқы крематорий 2026 жылғы 30 сәуірде ашылды. Ол дәстүрлі жерлеуге қосымша, азаматтың еркіне негізделген балама ретінде іске қосылған.