Легионерлер шақырылмай, балалар спортына бөлінетін қаржы екі есе артқан

Туризм және спорт министрлігі спорт саласындағы реформалардың нақты нәтижелеріне тоқталып өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ведомство мәліметінше, миллиардтаған қаржы үнемделіп, балалар спорты дамып келеді.
Министрліктің есебінше, 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұған кәсіби клубтарды қаржыландыруға лимит енгізу және легионерлерді бюджет есебінен қаржыландырудан бас тарту ықпал етті.
Сондай-ақ, балалар спортына бөлінетін қаржы екі есеге жуық артқан. Спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге арналған жылдық қаржыландыру 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылып отыр.
Жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға өскен. Спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларының еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Қазіргі таңда 3 511 жаттықтырушы-оқытушы тиісті тестілеуге қатысқан.
Бұл мәлімет Астанада Спорт күні қарсаңында «Қазақстандағы спорт – реформалардан нәтижеге дейін. Дене шынықтыру және спорт туралы жаңа заңды іске асыру қорытындылары» атты спорт конференциясы барысында айтылды.
Айта кететін жайт, Оқу-ағарту министрлігі енді Қазақстандағы мемлекеттік колледждер енді сабақтан тыс уақытта спорт нысандарын жалға бере алатынын хабарлаған еді.