Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сот үкімі шықты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Instagram

Шымкенттегі мамандандырылған аудандық сотта Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сот үкімі шықты. Судья Темірәлиев сотталушы Шерхан Аймаханды кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Сот Аймаханды ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру»), 125-бабының 1-бөлігі ( «некеге тұруға мәжбүрлеу») және 115-бабының 2-бөлігі («сталкинг») бойынша толық кінәлі деп тапты.

Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің төтенше режимдегі мекемелерінде өтейді. Айыпты Шерхан Аймахан марқұм Нұрайдың отбасына өтемақы ретінде 25 млн теңге және мемлекет шығыны ретінде 2 млн теңге өтеуі керек. Бұған дейін Нұрайдың отбасы моральдық өтемақы ретінде 10 млрд теңге, ал материалдық өтемақы ретінде 15 млн теңге талап еткен.

Осыған дейін прокурор да  Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сотталушы соңғы сөзінде Нұрай Серікбайды қатты жақсы көретінін және ісі үшін өкінетінін айтқан.

Нұрай Серікбай 11 қаңтарда кісі қолынан қайтыс болды. Оның ісіне қатысты тергеу 7 айға созылып, шілдеде басталды.

Өлімге күдікті деп ұсталған Шерхан Аймахан пышақтаған кезі мүлде есінде жоқ екенін айтты. Тіпті Нұрай бірінші мені пышақтады деген нұсқа айтты. Сот отырысына медсарапшы қатысып, бойжеткенге 35 рет пышақ салғанын, сол кездің өзінде тірі болғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз