
13 тамызда Қазақстанда Telegram мессенджері жұмыс істемей қалды. Цифрлық даму министрлігі жергілікті қолданушылардың жаппай шағымынан хабардар екенін мәлімдеді.
Павел Дуров негізін қалаған Telegram мессенджеріндегі ақау Қазақстанда жергілікті уақытпен сағат 11:25 шамасында басталған. Қазір «қосылу» белгісі шексіз айналып тұр. Соған байланысты мессенджердегі арналар жаңармайды.
Интернет тұтынушылар оның істемей тұрғанын әлеуметтік желілерде де жазды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақаудан хабардап болып шықты.
«Telegram мессенджерінің ашылмай тұрғанына байланысты жекелеген қолданушылардан өтініш түсе бастады. Техникалық мамандар себебін анықтап жатыр», – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, Telegram Қазақстанда ғана істемей тұр. Бүкіл әлем бойынша мессенджер қызметінде қиындық байқалмаған.
«Қазақтелеком» өз инфрақұрылымында ешқандай апат немесе ішкі техникалық ақау тіркелмегенін, желі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Дегенмен компания Telegram трафигінің күрт төмендеуі мен шектелуі Мәскеу мен Франкфурттегі негізгі халықаралық пиринг (дерек алмасу) нүктелерінде байқалғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы шілденің аяғында Ресей билігі Павел Дуровты экстремизм мен терроризмге қатысы бар адамдар тізіміне қосқан. Telegram-ның негізін қалаушы кәсіпкер Кремльдің мұндай шешімін цензурадан бас тартқанымен түсіндірген.