Қазақстанда жеті айда 13 бала тамақтан уланып қалды

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жеті айында білім беру нысандарында 13 бала тамақтан уланды. Дегенмен көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай нәтижеге балалар болатын нысандарға санитариялық бақылаудың күшеюі әсер еткен.
Былтыр 118 бала зардап шеккен
2025 жылдың алғашқы жеті айында білім беру ұйымдарында тамақтан уланудың 8 жағдайы тіркеліп, 118 бала зардап шеккен. Ал 2026 жылдың осы кезеңінде 2 жағдай болып, 13 бала зардап шекті.
Маңғыстау облысында тамақтан бірнеше адамынң қатар улану жағдайынан кейін балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған қосымша шаралар қабылданды.
Балалар мекемелеріне бақылау күшейтілді
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар мекемелеріне мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұл санитариялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға және қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді.
Мектептегі тамақтануға жаңа талаптар енгізілді
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты мен үлгілік перспективалық мәзір қолданыла бастады.
Жаңа талаптарда азық-түліктің қауіпсіздігіне, оны сақтау мен дайындау жағдайларына ерекше көңіл бөлінген.
Денсаулық сақтау министрлігі балалардың қауіпсіздігі мен мектептердегі тамақтану сапасы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
Еске салайық, шілде айында Ақмола облысындағы лагерьде алты бала тамақтан уланып қалды.