Қазақстандағы қай банк арзан ипотека ұсынады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қандай банктер ипотека ұсынып отыр / Фото: shutterstock

Қазақстандағы 23 екінші деңгейдегі банктің 10-ы ипотека береді. Соның ішінде жылжымайтын мүлікті кепілге қоятын стандартты ипотеканы 8 банк ұсынады. Серіктестік ипотеканы 5 банк, тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша өнімдерді 4 банк, ал депозитті немесе ақшаны кепілге қою арқылы берілетін ипотеканы 3 банк ұсынып отыр, деп Kursiv.Media Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ең тиімді сыйақы мөлшерлемелері соңғы үш бағыт бойынша қарастырылған. Дегенмен серіктестік ипотеканың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл бағдарлама тек белгілі бір құрылыс компанияларынан немесе нақты тұрғын үй кешендерінен баспана алуға мүмкіндік береді. Соның салдарынан таңдау мүмкіндігі шектеледі, сондықтан бұл өнім кеңінен таралмаған.

Ал депозит кепілдігімен берілетін ипотека мен тұрғын үй жинақ жүйесі халық үшін өте тартымды болып көрінеді. Бұл екі бағыттың да ортақ тұсы бар: екеуі де қаражат жинауды немесе шотта белгілі бір соманың болуын талап етеді.

Депозит кепілдігімен берілетін ипотека

Бұл өнімнің жұмыс істеу механизмі қарапайым. Пайыздық мөлшерлеме сатылатын баспананың 100% құнына есептеледі. Ал кепілге қойылған депозит қарыз толық өтелгеннен кейін қайтарылады. Сонымен қатар, берешек сомасы депозиттегі ақшаға теңескенде немесе одан аз болғанда, бұл қаражатты несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеуге бағыттауға болады.

Депозит кепілдігімен ипотеканы Bereke Bank, ForteBank және Банк ЦентрКредит ұсынады. Ең төменгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) Банк ЦентрКредитте белгіленген: 6%-дан 17,7%-ға дейін. Бірақ кез келген себеппен кепілдегі депозит азайса немесе жоғалса және ол үш жұмыс күні ішінде қалпына келтірілмесе, ЖТСМ 24,6%-дан 24,9%-ға дейін өседі.

ForteBank-те ЖТСМ 9,53%-дан 18,81%-ға дейін, ал Bereke Bank-те 14,87%-дан 18,05%-ға дейін барады. Үш банк те мұндай несиені 180 айға дейінгі мерзімге береді.

Банк ЦентрКредит пен ForteBank-те ең жоғары сома 100 миллион теңгені құраса, Bereke Bank-те 70 миллион теңгемен шектеледі.

Тұрғын үй жинақ жүйесі

Бұл өнім де жинақтау механизміне негізделген. Сұраныс беруші алдымен депозит ашып, қаражат жинайды. Белгіленген шарттар орындалғаннан кейін несие бойынша төмендетілген мөлшерлемеге өтеді.

Нарықтағы бірнеше өнім бойынша кемінде 36 ай бойы қаражат жинап, баспана құнының кем дегенде 50%-ын қалыптастыру қажет. Осыдан кейін ғана қалған сомаға тиімді мөлшерлемемен заем беріледі. Дегенмен нақты шарттар банкке байланысты өзгереді.

Тұрғын үй жинақ жүйесі аясындағы ипотеканы Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank және осы саладағы мамандандырылған даму институты – Отбасы банк ұсынады.

Halyk Bank пен Freedom Bank-те жинақ мерзімі 36 айды, ал Банк ЦентрКредитте 6 айды құрайды. Қажетті жинақ көлемі – баспана құнының 50%-ы (Банк ЦентрКредит бойынша қажетті жинақ үлесі көрсетілмеген).

Отбасы банкінің бұл бағыттағы өнімдер желісі кеңірек. Онда тұрғын үй, алдын ала және аралық заемдар бар. Мұнда баспана құнының 50%-ы болса, жинақтау мерзімі қысқаруы мүмкін (аралық заем). Сондай-ақ баспана құнының 10%-ын жинау жеткілікті болатын өнім де қарастырылған (алдын ала заем).

Жинақтау жүйесі бойынша ең төменгі мөлшерлемені Отбасы банк ұсынып отыр. Алдын ала заем бойынша ЖТСМ 2%-дан 24,3%-ға дейін, тұрғын үй займы бойынша 3,6%-дан 6,9%-ға дейін, ал аралық заем бойынша 9%-дан 9,6%-ға дейін болады. Halyk Bank-те ЖТСМ 5,1%-дан, ал Freedom Bank-те 11,01%-дан басталады.

Сондай-ақ оқыңыз