Қазақстандықтар ескі көлігін өткізіп, жаңасына жеңілдік ала алады

Қазақстанда ескі автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын кәдеге жаратуға қабылдау қайта басталмақ. Техникасын өткізген азаматтарға қазақстандық өндірістен шыққан жаңа көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған жеңілдік сертификаты беріледі. Бұл туралы Kursiv.Media LS-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда бағдарламаның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Қазір «Жасыл даму» операторы техниканы қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды іріктеп жатыр.
Ескі көліктерді қабылдау қашан басталады
Бағдарламаны қайта іске қосу екі кезеңнен тұрады7
- қайта өңдеуші кәсіпорындармен келісімшарттар жасау;
- техника иелерінен өтінім қабылдауды бастау.
Кәсіпорындар іріктелгеннен кейін «Жасыл дамудың» сайтында техниканы қабылдайтын пункттердің тізімі жарияланады. Сол жерде өтінім беруге және өтемақы мөлшерін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік беретін сервис те іске қосылады.
Осыған байланысты қазіргі уақытта жаңа бағдарлама бойынша көлікті кәдеге жаратуға тапсыру мүмкін емес. Қабылдау қайта өңдеуші ұйымдармен келісімшарттар жасалғаннан кейін басталады.
Көлік иесі не алады
Кәдеге жаратуға тапсырылған көлік үшін ақша берілмейді. Оның орнына жеңілдік сертификаты ұсынылады. Оны Қазақстанда өндірілген экологиялық таза автокөлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде пайдалануға болады.
Жеңілдік мөлшері тапсырылатын техниканың санаты мен жағдайына байланысты болады. Министрлік хабарламасында нақты сомалар әзірге көрсетілмеген.
Сертификат бір жыл бойы жарамды болады. Оның иесі сертификатты басқа адамға бере алады, бірақ мұны үш реттен артық жасауға болмайды.
Бір автокөлік сатып алған кезде екі сертификатқа дейін пайдалануға рұқсат етіледі. Ал ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін төрт сертификатқа дейін қолдануға болады.
Қандай құжаттар қажет
Бағдарлама талаптарына сәйкес, көліктің жинақталуына және қажетті құжаттарға қатысты талаптар қойылады. Өтінім қабылдау басталар алдында барлық шарттар толық жарияланады.
Көлік иелері алдын ала мына талаптарды тексеруі керек:
- көліктің белгіленген талаптарға сай болуы;
- қажетті құжаттардың болуы;
- жақын маңдағы ресми қабылдау пунктінің орналасқан жері;
- нақты көлікке берілетін жеңілдіктің мөлшері;
- таңдалған жаңа көліктің сертификат талаптарына сәйкес келуі.
Көліктерді кім қайта өңдейді
Бағдарламаға қара металлды қайта өңдейтін кәсіпорындар қатыса алады. Министрлік бірнеше кәсіпорынды тарту арқылы бір зауытқа тәуелділікті азайтуды көздеп отыр.
Қайта өңдеуге қолайлы кәсіпорындар жоқ өңірлерде қосымша қабылдау пункттерін ашу жоспарланған. Сертификаттардың құнын «Жасыл даму» операторы кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражат есебінен өтейді.
Айта кетейік, бағдарлама 2016 жылдан 2022 жылғы қаңтарға дейін жұмыс істеген. Осы кезеңде Қазақстанда 219 мыңға жуық техника, оның ішінде 215,4 мың автокөлік пен 3,5 мың ауыл шаруашылығы техникасы қайта өңдеуге қабылданған.
Қазір көлік иелерін ең алдымен жеңілдік сертификатының нақты мөлшері қызықтырады. Себебі бағдарламаның тиімділігі осы жеңілдіктің көлеміне тікелей байланысты болады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда утильалым ережесі өзгерді.