Қостанайда ата-ананың шағымынан кейін балалар орталығы жабылды

Қостанай облысында сот шешімімен «Светофор» балалар сауықтыру орталығының қызметі тоқтатылды. Бұған ата-аналардың бірінің арызынан кейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру себеп болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тексеру барысында шағымда көрсетілген деректер толық расталды. Мамандар тамақтануды ұйымдастыру, сумен қамтамасыз ету, аумақ пен ғимараттардың санитарлық жағдайы, сондай-ақ, қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өту талаптарының бұзылғанын анықтады.
«Іс материалдарын қарау қорытындысы бойынша сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, ал бұған дейін берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство орталыққа санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеу жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.