Қызылордалық тұрғын денесінен отадан қалып қойған дәке тапты

Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде денесінде дәке қалдырылғанын айтып сотқа жүгінген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жоғарғы сот мәліметінше, жіберілген медициналық қателіктің салдарынан науқас ұзақ уақыт бойы қатты ауырсынуды бастан кешірген. Дұрыс емдемеген жарадан зардап шеккен. Өз есебінен қайта ота жасатуға мәжбүр болған.
Осыған байланысты ол медициналық мекемеден материалдық шығын мен моральдық зиянның орнын толтыруды талап еткен.
Сот бастапқыда талап қоюшыға іріңді ісікті алып тастау отасы жасалғанын анықтады.
Алайда екі айдан кейін оған басқа медициналық мекемеде қайта ота жасалған. Сол кезде алдыңғы ота жасалған жерден бұрын қалған дәке алынған.
Бөгде заттың болу фактісі ота жасау хаттамасы, медициналық құжаттама, бейнежазба, сондай-ақ қайта емдеу жүргізілген медициналық мекеме өкілінің түсіндірмесі арқылы расталды.
Сот ұсынылған дәлелдемелерді зерттей отырып, жауапкердің кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келді. Арызданушының талабын қанағаттандырды.
Медициналық мекемеден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян мен материалдық залалдың орнын толтыру есебінен 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Мұның алдында Ақтөбелік тұрғын дәрігерлер ұмытқан дәкені мойнынан суырып алған еді.