Мүлік салығы: сыйға тартылған пәтерге салық төлеу қажет пе

Жарияланды 13 Тамыз 2026 11:13

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Сыйға тартылған пәтерге салық қалай төленеді / Фото: shutterstock.com

Жеке тұлғадан тегін, сыйға немесе мұраға алынған мүлік салық салынатын кіріске жатпайды. Сондықтан сыйлыққа пәтер алған жеке тұлға жеке табыс салығын (ЖТС) төлемейді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің түсініктемесінде жазылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алайда осы ереже жеке кәсіпкердің кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін алған мүлігіне қолданылмайды.

Сыйға алынған пәтерді сатқанда салық қалай есептеледі?

Меншік құқығында екі жылдан аз болған сыйға тартылған пәтер 2026 жылы сатылса, салық салынатын кіріс пайда болуы мүмкін. Бұл кіріс сату бағасы мен бағалау құны арасындағы оң айырма ретінде анықталады.

Мұндағы бағалау құны – мүлік салығын есептеу үшін айқындалған құн. Ол меншік құқығы пайда болған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынады.

Егер мүлік 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін өтеусіз алынып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатылса, меншік құқығының 1 жылдан аз мерзімі қолданылады.

Құн өсімі мен сатып алу құны қалай белгіленеді?

Тегін алынған мүлікті сатқан кезде сатып алу құны болмайды. Сондықтан құн өсімінен түсетін кіріс мүлікті сату бағасының мөлшерінде анықталады.

Салық кодексінде сатып алу құнының орнына келесі мәндер қолданылатын жағдайлар бар:

  • Нарықтық құн – меншік құқығы пайда болған күндегі мүліктің құны. Ол бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау есебімен айқындалады.
  • Бағалау құны – Мемлекеттік корпорация салық есептеу үшін меншік құқығы пайда болған жылдың 1 қаңтарына белгілеген құн.
  • Кадастрлық (бағалау) құны – мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация белгілеген құн.

Бұған дейін жеке тұлғалар үшін базалық салық шегерімін қолданудың бірыңғай тәртібі бекітілген. Салық кодексіне сәйкес, бұл жеңілдіктің мөлшері айына 30 АЕК (129 750 тең) құрайды, ал күнтізбелік жылға арналған жалпы шегі 360 АЕК-тен (1 557 000 теңге) аспауға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз