Тоқаев БҚО-ның коммуналдық инфрақұрылымын жедел жаңғыртуды тапсырды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев БҚО-ның коммуналдық инфрақұрылымын жедел жаңғыртуды тапсырды / Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімнің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 5 трлн теңгеге жеткен. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 13,6%-ға өсті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 874,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,6%-ға артты.

Нариман Төреғалиев нрезиденттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуы туралы да баяндады:

  • Қарашығанақ кен орны: Таяу арада қуаты жылына 5 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның құны 1,7 трлн теңгеге бағалануда.
  • Инфрақұрылым: 2026 жылдың соңына дейін өңірде Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Ресеймен шекарадағы «Сырым» өткізу пунктін реконструкциялау жалғасуда. 2027 жылы осыған ұқсас жұмыстарды «Тасқала» өткелінде бастау жоспарланған. Өңірде 4 жаңа және жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді.
  • Жол мен әлеуметтік нысандар: Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 138 млрд теңге болатын 121 әлеуметтік нысан салынып, 1 542 шақырым автомобиль жолы жөнделді.

Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік бағдарламалар

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеніқұрады.

  • «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1 414 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
  • «Қаладан — ауылға» өңірлік бастамасы бойынша Батыс Қазақстан облысына 1 мыңнан астам адам көшіп келді. Барлық 218 отбасы баспанамен және әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді дамыту жұмыстарын жалғастыруды, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетуді және халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұған дейін президент Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кездесу өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз