Туристер үшін Бозжыра мен мен басқа да табиғи орындарға бару қымбатқа түседі

2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көрсетілетін қызметтердің тарифтері өзгереді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа бағалар «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде, Бейнеу аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде қолданыла бастайды.
Бұл өзгеріс Бозжыра, Тұзбайыр, Қызылқұп, Бөкті тауы және басқа да табиғи нысандарға келетін туристерге қатысты. Айта кетейік, Бозжыра «Қызылсай» паркінің қарамағындағы «Жабайұшқан» қаумалының аумағында орналасқан.
Басты өзгеріс – тарифтер енді айлық есептік көрсеткішпен көрсетіледі. 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды.
Жаңа тізімде «Бозжыраға кіру» үшін бөлек бекітілген нақты баға жоқ. Қорытынды сома турист қандай қызметтерді пайдаланатынына және қандай көлікпен келетініне байланысты есептеледі.
Мысалы, жеңіл көлікпен кіру 0,7 АЕК-ті немесе 3 028 теңгені құрайды.
Басқа көлік түрлері үшін енгізілген тарифтер:
- мотоцикл, мопед, квадроцикл — 1 730 теңге;
- 16 орынға дейінгі шағын автобус немесе жүк көлігі — 11 678 теңге;
- 32 орынға дейінгі автобус — 21 625 теңге;
- 32 орыннан асатын автобус — 30 275 теңге.
Осылайша, жеке жеңіл көлігімен келетін турист көлік кірісі үшін 3 028 теңге төлейді. Егер ол басқа да ақылы қызметтерді пайдаланса, қосымша шығындар қосылады.
Аумақтағы экскурсия мен қызмет құны
1 қыркүйектен бастап экскурсия ұйымдастыру 1,8 АЕК — 7 785 теңге тұрады (қазіргі тариф — 7 816 теңге).
Гид қызметі 0,9 АЕК — 3 893 теңге болады (бұрын 3 986 теңге еді).
Сондай-ақ туристік жабдықтарға жеке тарифтер белгіленді:
- туристік шатыр — 3 028 теңге;
- ұйықтайтын қап — 1 298 теңге.
Туристік соқпақтарды пайдаланғаны үшін тәулігіне бір адамға 0,2 АЕК, яғни 865 теңге жеке ақы алынады.
Кемпингтерде, шатырлы лагерьлерде және туристік базаларда орналасу тәулігіне бір адамға 0,1 АЕК немесе шамамен 433 теңгені құрайды.
Фото және видео түсірілім де ақылы болады
- кино және видео түсіру — 8,7 АЕК немесе 37 628 теңге;
- фототүсірілім — 4,4 АЕК немесе 19 030 теңге.
Яғни, келушінің аумақта болу құны тек көлік немесе экскурсия ақысынан ғана емес, өзі пайдаланатын қосымша қызметтерден де құралады.
Қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Төмендегі тұлғалар ақы төлеуден босатылады:
- зейнеткерлер;
- мүгедектігі бар адамдар;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- еңбек ардагерлері;
- ҰОС қатысушыларына теңестірілген басқа да ардагерлер санаттары;
- алты жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балалар.
6 бен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен басқа да балаларға 50% жеңілдік қарастырылған. Күндндізгі оқу бөлімінің студенттері 25% жеңілдік ала алады. Шетел азаматтары үшін қос тариф (екі еселенген баға) белгіленді.
Жаңа ережелер қыркүйек айынан бастап күшіне енеді
Тарифтер Маңғыстау облысы әкімдігінің 2026 жылғы 20 шілдедегі №112 қаулысымен бекітілді. Сондай-ақ бұл құжат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда келушілердің болу ережелерін де анықтайды.
Жаңа ережелер жүріп-тұру, демалу және табиғи ресурстарды пайдалану тәртібін реттейді. Олар жаңа тарифтермен бір мезгілде — 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл күнге дейін келушілер үшін бұрынғы бағалар мен ережелер күшінде болады.